Абай шахтасындағы 6 адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай шахтасында 6 адамның қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарғандыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәрінен бұрын Үкіметтік комиссия атынан осы төтенше оқиға салдарынан туған-туысқандарын жоғалтқан тұрғындарға көңіл айтқым келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған комиссия аталмыш төтенше оқиғаның барлық себеп-салдарын толық анықтағанша жұмыс істейтініне сендіргім келеді.

Қайтыс болған қызмектерлердің бәрінің отбасына жан-жақты көмек беріледі.

Қазір емделіп жатқан адамдарға да көмек көрсетіледі.

Бүгін болған оқиға туралы қысқаша айтсақ, сағат 8.24-те «Арселор Миттал Теміртаудың» Абай қаласындағы шахтасында кенеттен метан газы босап шыққан. Салдарынан кенжардағы 8 адамның алтауы оқиға орнында көз жұмды, екеуінің жағдайы ауыр, қазір ауруханада жатыр. Негізі шахтада 64 адам болған. Олар уақытында жер бетіне шығарылды», - деді министр.

Оның айтуынша, қазір шахтадағы газды сорып, қалыпты жұмыс жағдайына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Тергеу тобы мен комиссия мүшелері оқиғаның эпицентрінде жұмыс істеп жатыр. Бүгін құрылған мемлекеттік комиссия жұмысына кірісті. Кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комиссияның құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен аумағында төтенше оқиға болған компанияның өкілдері бар», - деді министр.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.

Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.

Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімдері.


Соңғы жаңалықтар