Абай өсиеті – өскелең ұрпақ үшін айнымас темірқазық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жұмыс сапарымен Семейге барып, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Онда сөйлеген сөзінде «Біз Абай аманатына адал болуымыз керек» - деді. Иә бәрі де алып абызымыздың аманатына адалдықтан шығады. Бұны Мемлекет басшысы ерекше атап көрсетті. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет» - деп қорытты сөзін Президент.

Иә, биыл еліміз үшін ерекше жыл - Ұлы Абайдың 175 жылдығы! Абай десе - қазақ деп, қазақ десе - Абай деп біледі ел қазір. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасын» тереңнен теріп, жыр маржанын шаша білген дананың дара тұлғасын асқақтату жолындағы шаралар жыл басынан бері басталып кеткені анық. Алдымен 2020 жылдың 9-шы қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Абай тойы былтырдан бері басталып кетті. Абай жырларын оқуға Президенттен оқушыға дейін атсалысты. Яғни, бір жыл бойы ұлы Абай жырлары мен қарасөздерін қайта бір салмақтап, саралап, бүгінгі күні де маңызы арта түскеніне көз жеткізді. Енді міне, пандемияның қысымы мен қиындығына қарамастан ұлы Абайға арналған басты шаралар Мемлекет басшысының арнайы қатысуымен өтіп жатыр. Өйткені, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев атап айтқандай: -Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.

Иә, Абай тойы - Алаш тойы!

Абай тойын - Ұлы ақын ұлағатын ұлттық тұрғыдан ұға білудің жарқын рухани дүниесіне айналдыра білуге ұмтылып жатырмыз. Өйткені, мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Абай аманатына адалдық - бәріміздің асыл парызымыз!

Осы орайда Жидебайға Абай мерейтойына қатысқан абайтаншылардың әр өлеңі бір әлем данышпан тұлға туралы абайтанушылар жазбасын назарларыңызға ұсынбақпыз.

Совет ЕРҚАНАТ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу

мемлекеттік университетінің докторанты

«Жалғыздық тек Аллаға жарасқан» деген философиялық концепция бойынша жалғыздық жеке адамдар үшін «жаман» деп бағаланса, жекелік керісінше, «даралық, өзгеден ерекшелік, артықшылық» ретінде бағаланады. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген қағиданың астарында жалпы көпшіліктің немесе бірыңғайлықтың антиподы жеке, дара тұлға туралы таным жатқаны аңғарылады. Ұлы Абайдың шығармаларындағы жалғыздық ұғым – түсініктері халық танымынан алшақ деуге келмейді. Яғни, «жалғыздық» концептісі даралықты, даналықты білдіреді. «Ұлы ақын өзі жайлы, өзінің жеке басы жайлы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» деуі тегін айтылмаған. Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Лирикалық қаһарманның ой-сезімі, тағдыры өз заманында суреттелсе, соғұрлым ол типтік қасиеттері мол, сомдап жасалған ірі тұлғаға айналып, дәуірдің көрнекті өкілі болып шығады. Лирикалық поэзияның осы ерекшеліктері Абай өлеңдерінен мейлінше толық керінеді.

Ақынның қатты торығып, мұң мен жалғыздыққа тап болуының өзіндік себептері бар. Ақынды мұндай қасіретке салған себептің ең үлкені және негізгі қозғаушы күші - оның арғы-бергі замандардың сыры мен мағынасын терең ұғынған кемеңгер ойшылдығы, аса көрегендік қасиеті. Бар адамдық ғұмырдың, адам болып өмір сүрмектің қыры мен сырын түгелдей байыптап меңгерген, адамдық болмыстың түп мағынасын болжап білген ғұламалық қасиетінен туындаған ауыр қасірет болатын.

Ақын боп, сымбатты да нұрлы махаббат иесі боп, нәзік мөлдір сезім мен сәулелі ой иесі болып, өмір үшін тек сүйіп тұщыну үшін жаралған Абайды да орта жасқа жетер жетпестен-ақ мұңға, қайғыға душар қылған, даналық ақылға толы бар өмірін у мен зарға айналдырған, әр қоғамда, әр заманда кездесіп тұратын даңғаза да беймаза, бітімсіз де томырық қоғам тынысы, пиғылы. Жалпы Абай ел билеушілерді пайдакүнем, өмірдің күнделікті күйбеңімен әуре боп жүрген ұсақ жандар бейнесінде сипаттайды. Халық үшін ауыр қасиет болып табылатын билеуші феодалдар арасындағы талас-тартыстардың күшеюін ақын қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси дағдарыс көріністерінің бірі деп білді. Сол кездегі қоғамдық өмірді осылай әшкерелеп, сынау Абайға оңай тиген жоқ. Абайдың ақындық, ағартушылық жолы мейлінше қиын, азабы мол, күрес жолы еді. Ол халық мүддесін ойлайтын, ізгі мақсат жолын да қайрат жұмсайтын күштің жетімсіздігін көріп жиі қапаланды, жалғыздық сезімге бой ұрды. Ақынның осы көңіл-күйі, қайғы-мұң сарыны оның шығармаларынан жиі бой көрсетіп қалады. Алайда, Абайдың мұңы өз басының мұңы емес, халықтың тағдырын ойлап толғану екенін көреміз. Халықтың өміріндегі ауыржағдайлар ақын жүрегінің шеріне айналды. Абай – тобыр арасында жалғыз. Ескілікке, кертартпалыққа қарсы тұрған Абай халықты еңбекке, өнер-білімге шақырды. Оның өткір «улы сия, ащы тілінде» халық өмірінің көкейкесті мәселелеріне жауап беруге тырысу айқын сезіледі, оның поэзиясы мен қарасөздеріндегі көңіл толмаушылық, наразылық ағартушы-ақынның арман-мұраттарымен ұштасады.

Ұлы ақын Абайдың осылайша толғанып туған асыл сөзі, ғұлама ойлары оның өзінен кейінгі неше толқын ұрпақтары үшін үлгі ғибрат болып қала бермек. Жалғыздық «Тема одиночества», «Тема всемирной Скорби» әлем әдебиеттануында қалыптасқан теориялық термин, Абай поэзиясында да өз сипатын танытқан трансформацияланған ұғым.

Сайлау ҚАЖЫБЕКҰЛЫ

І.Жансүгіров атындағы Жетісу

мемлекеттік университеті

Тарихта ұлттың атымен қатар аталатын, ұлттын жер жаһанға танытатын дара, дана тұлғалар кездесетіні аян. Халқының ой-арманының, мақсат-мүддесінің үддесінен шығып, ұлы мұрат, жарқын жолға бастар көшбасшылық миссиясын «тәңірінің берген өнері» арқылы іске асырған ұлы тұлға, ұлттық әдебиетіміздің темірқазығы, ақылдың ақыны Абайдың асыл мұрасы әлемге танылып, мәңгіліктігін де мойындатты.

«Абай десе, Абайсың, абайладың жан-жақты»-деп Қасым ақын жырлағандай, Абай мұрасының ғасырдан - ғасырға маңызы артып, тереңдігі таңқалдыра түсуі тегін емес. Міржақып Дулатов 1914 жылы «Қазақ» газетінің 23 шілдедегі санында Абайдың дүниеден өткенінің 10 жыл толуына орай жазған мақаласында: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен–күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар»,- деп жазды. Алаш ардақтысының айтқаны келді.

Халық ағарды, білім мен ғылым, мәдениетіміз бен өнеріміз өркендеді. Шығысқа жолы түскен зиялыларымыздың ақынның Жидебайдағы мұражай қорығына ат басын бұрып, алыстан алып кемедей көрінетін Абай мен Оспан, Шәкәрім мен ұлы Ахат жатқан кешенді кесенедегі қабіріне зиярат етпегені жоқ, сірә. Еуразияның кіндігінде тұрған қыстаудың киесі мен ақын рухы «қалың елі қазағының» мәртебесін өсіріп, мерейін арттырды.

Десек те, «Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай ауырсынатынан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік» (Қазақ. 1913 №43) екенін айтқан А.Байтұрсынов пікірі ғасыр өтсе де келелі. Қаруы киелі сөз бен қауырсын қанат қаламы болған ақынның ұлтының болашағына қабырғасы сөгіле қамығып, шешімін таппай шарқ ұрып, ширыға шамырқана жазған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген 41 жасында жазған өлеңі - бүкіл шығармаларында тарқатар ойларының түпқазығындай толғауы.

Қалың елі қазағының қамын жеп, талауда қалған тағдырына қабырғасы қайысып, қамсыз, қарекетсіз қалпына қынжылса да өмірі мен өнерін ұлтының болашағы жолына бағыштаған, ұрпағына баға жетпес мұрасын мирас еткен Абайдың мәңгілік мұрасы-адамның өмірге келген сәтінен ахиретке дейінгі бар болмысын танытар- тәлімдік кодекс. Абай жолы-ақын тыңнан салған жалғыз аяқ-соқпақ жол, соқтықпалы жерде мыңмен жалғыз алысып өткен жол, артына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырған өнегелі жол. Абай кемел ой, кәміл сенімге жетіп, ұлттың ұлы тұлғасына айналды. Абай- қазақ халқының маңдайына біткен данышпаны, шығармалары - теңдесі жоқ ұлттық олжамыз, сарқылмас рухани қазынамыз. Ақынның өлеңдері мен поэмаларындағы аудармаларындағы, қарасөздеріндегі өсиет-өнегеге, тәлім-тәрбие, тағылымды, ғибратты нақылдар мен танымдық талғамы биік ой салар өрнекті жолдар-көкіркек көзі ашық, кеудесі сәулелі, сөз ұғар саналы қазақ баласы үшін үлкен өмір мектебі. Шын мәніндегі профессионалдық әдебиетке айналып, әлемдік деңгейде танылған қазақ әдебиетінің көшбасшысы Абай мұрасын жан-жақты зерттеу, терең таныту, оқыту- бүгінгі күні мемлекеттік дәрежедегі маңызға ие. Бүгінгі күні Ренессанстық тұлға ұлы Абай мұрасының көркемдік көкжиегін, эстетикалық құнарын, ізгілік мұратын әлем әдебиетінің озық үлгілерімен, діни-пәлсафалық ойдың биігіндегі жауһарлармен салыстыра зерттеп, ҰЛТТЫҚ рухты жаңғыртуда идеологиялық темірқазыққа айналдыру қажет.


Соңғы жаңалықтар