Абай облысының полицейлері «синтетиканың» аса ірі партиясын тәркіледі

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының полицейлері «синтетиканың» аса ірі партиясын өткізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Абай облысы ПД-ның есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын жеткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.

Сонымен қатар, жалдамалы тұрғын үйді тінту барысында облыс орталығының 25 жастағы тұрғынынан ішінде ақ түсті ұнтақ заты бар 84 ZIP-пакет пен бір полиэтилен пакет тәркіленді. Сондай-ақ, пәтерде таразы, өлшеуіш қасық және есірткіні орауға қажетті заттар табылды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 770 грамнан асатын мефедрон екендігі анықталды. Есірткі көлемі 1 540 бір реттік дозадан асады, олардың қара нарықтағы құны – 20 млн теңге.

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.


Фото: polisia.kz

Соңғы жаңалықтар