Абай облысының медициналық авиация қызметі 2 күн ішінде 4 науқасқа көмек көрсетті

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Абай облысының медициналық авиация қызметінің мобильді бригадасы Аягөз ауданындағы жамбас жарақаты бар науқасты тасымалдау үшін L-410 әуе кемесімен ұшуды жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, науқас күрделі ота жасау үшін қалалық жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Әуе кемесінің бортында науқасқа қажетті толық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қамтылған. 3 науқасты зембілмен тасымалдаумен қоса, 7 орын да қарастырылған.

«Бұған дейін облыстың жетекші дәрігерлері 3 жүкті әйелге жедел медициналық көмек көрсету үшін жаңа L-410 ұшағымен Үржар ауылына алғашқы ұшуды жүзеге асырды.

Осы уақытқа дейін облыста бір АН-2 ұшағы болған. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының қолдауымен оған жаңа L-410 лайнері қосылды. Мамандардың айтуынша, жаңа әуе кемесінің ұшу ұзақтығы 2 есе жылдам», - деп жазды ведомстводан.

L-410 тобының ұшақтары -50°C-тан +50°C-қа дейінгі температура диапазонында экстремалды климаттық жағдайларда ұша алады. Әуе кемесі асфальтталмаған қысқа ұшу-қону жолақтарына қонып-ұшып жақын және орташа қашықтықтарға ұшуды жүзеге асыра алады.

Медициналық авиация қызметі былтыр 185 ұшуды орындап, 222 науқасқа көмек көрсетті, оның 75-і балалар. Семейдің белді дәрігерлері аймақтарға барып, 14 күрделі ота жасады.


Соңғы жаңалықтар