Абай облысының әкімі Семей тұрғындарымен кездесті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы Мелькомбинат көшесінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Ұранхаев жергілікті жұртшылықпен алғашқы кездесуін Мелькомбинат көшесі 3, 4, 10, 11 мекенжайындағы үйлердің тұрғындарымен бастады. Азаматтар өз сөздерінде жылыту мәселесінің шешімін тезірек тапқанын қалайтындықтарын жеткізді.

«Біз орталық жылыту жүйесіне қосылмағанбыз. Осы мәселе көпті толғандырып отыр. Бұрын бізде жылу мен ыстық су болған. Ұн-жем комбинаты кеткен соң, ешкімге керек емес болып қалдық. Пешті өзіміз жағамыз. Арамызда қарттық келіп, жүріп-тұруы қиындағандар аз емес. Оған қоса отын тасып, екінші қабатқа көтеруіміз керек. Үйлердің өзі ағаштан жасалған, кез келген уақытта өрт болуы мүмкін. Жақында ғана-ақ үйлердің бірінде өрт шыққан еді», - деді тұрғындар.

Абай облысының әкімі бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қазір сметалық құжаттама дайын. Жағдай жақсарады деген сенімдемін. Бір мезетте бәрі шешіле қоймайды. Барлығы біртіндеп орындалады. Біз жұмысты осы жылы бастауға және аяқтауға тырысамыз. Ең бастысы, жылыту мәселесін шешу керек», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс басшысы жауапты органдарға жұмыстардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар