Абай облысындағы қоқыс полигондарының тек 2,9% санитарлық талапқа сай - министр

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы 170 қоқыс полигонының тек бесеуі санитарлық талапқа сай келеді. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Аталған өңір тұрғындарымен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзекті мәселенің бірі - рұқсат етілмеген полигондар санының өсуі. Космомониторинг нәтижесінде 386 полигон анықталды. Оның 51-і, яғни 13 пайызы жойылды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Стихиялық полигондардың пайда болу себептерінің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін заңдастырылған полигондарының болмауы. Қоқыстарды уақытша орналастырудың 170 объектісінің тек бесеуі немесе 2,9 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Осыны ескере отырып, әкімдікке рұқсат етілмеген полигондарды жою жөніндегі жұмысты күшейту, жаңа полигондарды салу, заңдастыру мәселелерін қарау, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және бекіту ұсынылады», - деп міндет жүктеді Серікқали Брекешев.

Министр келтірген дерек бойынша биыл облысқа қарасты Семей, Аягөз қалаларында ауаның ластану деңгейі жоғарылаған. Бөлінген зиянды қалдықтардың басым бөлігі жылу энергетикасы кәсіпорындарына тиесілі.


Фото: gov.kz




Соңғы жаңалықтар