Абай облысындағы ауылдарда 50 мектеп жөндеуден өтеді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы ауылдарда 50 мектеп жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Абай облысында 5700 орынға арналған 11 мектеп салынады.

Ол үшін республикалық бюджеттен 42 млрд теңге қарастырылған.

Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәлім етті.

«2023 жылы қаңтар айында Үкіметте Абай облысын дамытудың кешенді жоспары мақұлданды. Кешенді жоспардағы 14 шара білім саласын дамытуға арналып отыр. Аталған шараларды жүзеге асыруға 53,5 млдр теңге бөлінеді,- деді Нұржан Ахметқалиев.

Сонымен қатар мектептерге қосалқы 6 ғимарат бой көтереді.

Оның екеуі Семейде, төртеуі Аягөз қаласында.

Елді мекендерде орналасқан 50 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысын жүргізу, жаңа модификациялық кабинеттер ашу көзделген.

«Кешенді жоспарға сәйкес, Семейдегі сол жағалауда құны 8,5 млрд теңге болатын Оқушылар сарайы салынбақ. Абай елінің тарихымен танысуға еліміздің түкпір-түкпірінен келетін оқушыларды орналастыру мақсатында Абай ауданындағы арнайы мамандандырылған мектеп-гимназиясына интернат салынады. Абай, Көкпекті, Ақсуат аудандарында жазғы сауықтыру лагерін ашу жоспарланған, - деді Н.Ахметқалиев.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні Абай облысында оқушылар 105 автобуспен тасымалданып жүр.

Оның 27-сі жаңартылмақ. Ал биыл 11 автобус сатып алуға қаражат бөлінген.


Соңғы жаңалықтар