Абай облысындағы алапат өрт: Бородулихада екі эвакуация пункті дайындалды

None
Фото: t.me/semeyakimdigi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша Абай облысының Бородулиха ауданындағы орман өртін сөндіруге түрлі ведомстволардың 786 қызметкері, 187 техника мен 9 тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сағат 18:00-ден бастап Бородулихадағы Островский атындағы мектеп пен колледж ғимараттарында екі эвакуация пункті ұйымдастырылды. Бұл орталықтарға 350 адамға дейін сияды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімінің 43 қызметкері мен 13 арнайы техникасы жіберілді», - делінген Абай облысы әкімдігінің Telegram арнасында жарияланған хабарламада.

Сонымен қатар өрттің таралуына жол бермеу үшін орман аймағына іргелес орналасқан Тәуелсіздік, Пионерская көшелері мен Южный шағынауданы аумағындағы жер жыртылған.

«Өрт сөндіруге түрлі ведомстволардың 786 қызметкері, 187 техникасы мен 9 тікұшақ жұмылдырылды. Бүгін таңертең сағат 5:35-тен бастап тікұшақтардан 93 рет жалпы көлемі 263,5 тонна болатын су төгілді», - деп мәлім етті әкімдіктен.

ТЖМ басшылығының бұйрығымен өртпен күресу үшін қосымша күштер жіберілді:

- ШҚО ТЖД – 15 адам және 5 техника, 5:40-та келді.

- Қарағанды облыстық ТЖД – 29 адам және 6 техника, 17:40-та шығып, Бородулихаға 11:00-де келді.

- Астана ТЖД – 68 адам және 12 техника, 17:55-те шығып, Каштак орманына 10:35-те келді.

- Астана ТЖД – 21 адам және 5 техника, 21:48-де шығып, Семей қаласына 9:20-да жетті, 10:52-де Бородулихаға қарай бет алды.

Сонымен қатар министр Юрий Ильин Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберуді тапсырған.

«Жағдай күрделене түскен кезеңге арнап Семей қаласында жағдайда 5 өрт сөндіру автоцистернасы, 1 вахтадан тұратын қосымша колонна дайындалды. Астана, Боралдай, Қызылорда қалаларынан қосымша Ми-8 тікұшақтарын және Көкшетаудан Eurocopter EC145 көп мақсатты тікұшағын өрт орнына жіберу жоспарлануда», - делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салайық, 8 маусым күні «Семей» орманы резерватында өрт шыққан болатын. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.

Осыған байланысты бүгін Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Сонымен қатар бұдан бұрын хабарлағанымыздай, орман өртін сөндіруге жұмылдырылған 14 маманмен байланыс үзілді. Кейін 3 қызметкердің қаза тапқаны белгілі болды.

Бірер сағат бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеп, көз жұмған орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар