Абай облысындағы алапат орман өртіне байланысты жедел штаб құрылды

None
Фото: ТЖМ
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы ірі орман өртіне байланысты жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Бородулиха ауылындағы Островский орта мектебінің және колледж базасында эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған.

Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылдарының тұрғындары өз бетінше туыстарының үйлеріне орналасты.

Аталған елді мекендерді қорғауға 122 адам және 30-дан астам техника тартылды.

«Өрт орнында барлығы 462 адам, 70 техника және 4 тікұшақ жұмылдырылды. Тікұшақпен өткен тәулікте әуеден жалпы көлемі 30 тонна болатын 12 рет су төгілді», - делінген ақпаратта.


ТЖ министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес күштер мен құралдарды үйлестіру үшін өрт орнына ТЖ вице-министрі Марат Күлдіков жіберілген.

Бүгін таңғы сағат 6.30-дан бастап облыс әкімінің орынбасарымен МИ-2 тікұшағында өрт аймағын аэровизуалды барлау жүргізіп жатыр.

«Облыста орман өртіне қарсы күрес бойынша барлық шаралар қабылдануда. Жедел штаб құрылды. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев штабтың көшпелі отырысын өткізді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар