Абай облысында соғыс ардагерлері 1,5 млн теңгеден алады

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында тұратын екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне 1,5 миллион теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңістің 78 жылдығына орай Абай облысының 2 692 тұрғыны біржолғы төлем алады.

Олардың қатарында екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, концлагерьлердің бұрынғы тұтқындары, тыл еңбеккерлері бар.

«Мәселен, облыста тұратын 12 соғыс ардагеріне Жеңіс күніне 1,5 миллион теңгеден төленеді. Өңірімізде Ленинградты қоршау кезінде қала кәсіпорнында жұмыс істеген және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған бір адам қалды. Оған 150 мың теңге беріледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары да 150 мың теңгеден біржолғы төлем ретінде алады. Облыста осындай үш адам бар» делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған облыс тұрғындары да осындай сомаға ие болады. Аймақта бұл санаттағы 42 адам бар.

1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталмаған 2 515 адамға мереке құрметіне 70 мың теңгеден төленеді.


Соңғы жаңалықтар