Абай облысында Мұхтар Әуезовтің мерейтойына орай 87 шақырымдық ультрамарафон өтті

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай ультрамарафон өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай Әлихан Бөкейхан университеті және Лев Гумилев атындағы ЕҰУ қызметкерлері мен білім алушыларының ұйымдастыруымен Семей – Бөрілі бағытында ультрамарафон өтті. Шараның мақсаты – жазушының мерейтойын кең көлемде насихаттау әрі азаматтарды салауатты өмір салтына шақыру.

Акция аясында Семейден Бөріліге дейінгі қашықтықты кәсіби марафоншы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының доценті Салықжан Рамазанов жүгіріп өтті. Семей қаласының Әуезов алаңынан басталған ультрамарафонда спортшы Абай ауданы Бөрілі ауылында орналасқан Мұхтар Әуезовтің музей үйіне дейінгі 87 шақырым 300 метр қашықтықты 7 сағат 59 минут 53 секунд уақыт аралығында бағындырды.

Ультрамарафонның бастапқы 10 шақырымында спортшымен бірге Әлихан Бөкейхан университетінің Дене шынықтыру және спорт бағдарламасының студенттері мен оқытушылары жүгірді. Соңғы 5 шақырым қашықтықта оған Абай ауданы Қасқабұлақ орта мектебінің оқушылары қосылды.

«87 шақырымды шамамен 8,5 сағатта жүгіріп өтем деп ойлағанмын. Алайда одан да ерте жүгіріп жеттім. Бұған дейін осы тәріздес 6 марафонға қатысқанмын. Оның ешқайсысында 70 шақырымнан ары аспаған едім. Бұл мен үшін жаңа меже болды», - дейді Салықжан Рамазанов.

Мәреге жеткен уақытта спортшыны Абай ауданының әкімдігі, Бөрілі ауылының тұрғындары, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қызметкерлері салтанатпен қарсы алды.


Соңғы жаңалықтар