Абай облысында Қызыл кітапқа енген арқарды атқан браконьер ұсталды
2022 жылғы 30 маусым 14:41

Абай облысында Қызыл кітапқа енген арқарды атқан браконьер ұсталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысы Аягөз ауданында Қызыл кітапқа енген арқарды атқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, табиғат қорғау полициясы бөлімі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп браконьерліктің жолын кесу мақсатында рейд өткізуде. Жыл басынан бері заңсыз аң аулаудың 11 фактісі анықталған.

«Полиция қызметкерлері «ОХОТЗОПРОМ» мекемесінің инспекторларымен бірлесіп Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округінің аумағында Қызыл кітапқа енген арқар мен күзендерді аулаған Аққожа ауылының 38 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Ақшоқы ауылының шетінде тіркелмеген тегіс ұңғылы 28 калибрлі атыс қаруымен аң атқан. Соның салдарынан қоршаған ортаға келтірілген материалдық залал 13 миллион теңгеден асты», - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Браконьер 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT