Абай облысында Қазақстанның бірнеше аймағынан келген әскерилер оқу-жаттығу өткізді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен әскерилер арасында оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Абай облысынан бөлек, Павлодар, Өскемен, Курчатов қалаларында орналасқан әскери бөлім командирлері мен орынбасарлары қатысты. Семей іргесіндегі 3 күнге созылған полигон аумағындағы оқу-жаттығу жиынының мақсаты – әскерилердің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберліктерін шыңдау. Бірнеше аймақтан келген әскерилер өзара тәжірибе алмасты.

«Күшейтілген қару-жарақпен жабдықталған БТР-80 соңғы жаңартылған түрі жол талғамайды, ойлы қырлы жерлермен жүре береді. Оны Кеңес әскерлері Ауған соғысында қолданған. Кейін 90-шы жылдардан бастап Ресей Қарулы Күштерінің және басқа да бірқатар бұрынғы кеңестік республикалардың барлық ірі қарулы қақтығыстарында қолданылған. Оны басқару да екінің бірінің қолынан келе бермейді. БТР 80 тек шұңқырларды ғана емес, сонымен қатар су кедергілерін де қауіпсіз жеңе алады», - дейді 5518 әскери бөлімінің аға механик жүргізушісі сержант Руслан Бекенов.

Оқу жаттығу жиынында әскери қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Жаттығудан кейін тыныстау үшін арнайы демалатын орындармен жабдықталған техникалар да бар. Әскери көліктің іші кең әрі барлық заман талабына сай жабдықтармен жасақталған.

«Оқу методикалық жиынының маңыздылығы үлкен. Біз осында келіп өзімізге біраз білім алдық. Көп нәрсені үйрендік», - дейді 5518 әскери бөлімінің командирі, подполковник Медет Ертайлақов.

Соңғы жаңалықтар