Абай облысында интернет сапасын жақсартатын Жол картасына қол қойылды

Фото: Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Абай облысына сапары аясында өңірдің елді мекендерінің интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Қол қою рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Осы Жол картасын іске асыру шеңберінде 2027 жылға дейін Абай облысының елді мекендерінің 94 пайызын интернетке сапалы кең көлемді қолжетімділікпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Интернетпен қамтамасыз ету, әсіресе шалғай ауылдардың тұрғындары үшін маңызды мәселе. Өңірде 331 елді мекен мен 4 қала бар. Абай облысы әкімінің аппараты жүргізген талдауға сәйкес 65% немесе 215 елді мекенде интернет тұрғындарға қолжетімді. 28% немесе 93 ауылда желі жоқ.

«Осы Жол картасы арқылы интернет мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті әкімдіктің қаржысына 25 антенна діңгекті құрылғы орнатылады. Тек қана құрылғы қойылмайды, электр энергиясы, қажетті коммуникация тартылады» деді Бағдат Мусин.


Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Абай облысының әкімдігі өңірдің елді мекендерін интернетпен және байланыспен толық қамтамасыз ету немесе қосылу сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін жұмысты бастады. Тиісті министрлікке «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде ұялы желі сигналын және интернет сапасын жақсарту үшін талшықты-оптикалық байланыс желісін салу қажет ауылдардың тізімі жіберілді.


Соңғы жаңалықтар