Абай облысында халықтың 92 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы қала, аудан тұрғындарының 92 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 13 жоба жүзеге асырылмақ.

«Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – халықты ауызсумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда облыс бойынша азаматтардың орталықтандырылған су жүйесіне қолжетімділігі 92 пайызды құрайды. Биылғыдан бөлек 2023 жылдан тағы 26 жоба қолға алынады», - делінген ақпаратта.

Семей және Курчатов қалаларында, Алакөл жағалауындағы демалыс үйлерінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәріз-тазарту стансаларын құру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, аймақтағы электр қуатын арттыру үшін Шүлбі СЭС контр-реттегіш құрылысы басталмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында Мұхтар Әуезовтің мерейтойына орай 87 шақырымдық ультрамарафон өткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар