Абай облысында халықаралық өнер және спорт фестивалі өтіп жатыр

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысы Ақсуат ауданында Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық өнер және спорт фестивалі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы Ақсуат ауданында жыл сайынғы дәстүрге айналған «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық өнер және спорт фестивалі өтіп жатыр. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты.

«Дана халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөз бар. Атадан балаға мирас болған, төл өнердің дамуына ат салысқан азаматтар мен ұйымдастырушыларға өзімнің және барша жерлестерімнің атынан зор алғыс білдіремін. Барша спортшылар мен өнерпаздарға сәттілік, көрермен қауымға - ұмытылмас мерекелік көңіл-күй тілеймін», - деді ол.

Фестиваль Ақсуат ауылында медресенің ашылу салтанатымен басталды. Жас балалар арасында «Құран жаттау» жарысы өтті. Сондай-ақ Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

Қазіргі уақытта орталық стадионда қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсекесі өтуде. Халықаралық шараға 19 мемлекеттен 40-қа жуық балуан қатысуда.


Соңғы жаңалықтар