Абай облысында биыл 1300-ден астам ерекше бала оңалтудан өтті

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Абай облысында жыл басынан бері ерекше қажеттіліктері бар 1300-ден астам бала оңалтудан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылдың басында Семейде оңалту және ерте араласу орталығы ашылған болатын.

Мұнда аймақтағы ерекше қажеттіліктері бар балалар сапалы, әрі мамандандырылған медициналық оңалтудан өте алады.

Екі жарым жастағы Нұрхан Талғаттың туа бітті церебральды сал ауруы бар.

Анасы екеуі жыл басынан бері оңалтудан өту үшін осында Үржар ауданынан екінші рет келген.

«Орталыққа алғаш келгенде Нұрхан әлсіз болды, өздігінен қимыл жасай алмайтын. Қазір анағұрлым бекіп қалды. Мойнын ұстап, басын қозғалтқысы келеді. Оңалту емін жаңа заманауи ғимаратта өтіп жатқанымызға қуаныштымыз. Дәрігерлерге, орталық мамандарына алғысымыз шексіз», - дейді бүлдіршіннің анасы Гүләйім Талғат.

Оңалту және ерте араласу орталығының жетекшісі Жанар Кабденованың айтуынша, мекемеде медициналық оңалтудың инновациялық әдістері қарастырылған.

«Орталық түрлі диагноздары бар балаларға оңалту көмегін көрсетеді. Атап айтқанда, церебральды сал ауруы, гидроцефалия, буын, сөйлеу қабілетінің бұзылуы. Бірнеше оңалту курсынан кейін жақсы нәтижелер байқалады. Балалар көбірек қозғала бастайды, психологиялық денсаулық, әлеуметтік бейімделу жақсарады», - дейді ол.

Осы жылдың 11 айында Абай облысында 1300-ден астам бала медициналық оңалту курсынан өткен.

Бұл мақсаттарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 160 млн теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар