Абай облысында әкімдік қызметкерлері кәсіпкерлерді сауда орнынан заңсыз шығармақ болған

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында әкімдік қызметкерлері кәсіпкерлерді сауда орнынан заңсыз шығармақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері таратқан мәліметке сүйенсек, Семейде кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттеріне шағым түсірген.

«Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерінде жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты жеке кәсіпкерлерге сол маңдағы жалға берілген орындарды босату қажеттілігі туралы хабарлама жолдаған. Алайда кәсіпкерлер мен Семей қаласының Экономика және қаржы бөлімі арасында орындарды жалдау шарттары 2025 жылдың соңына дейін жасалғаны анықталды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің келісімшартқа қатысы болмағандықтан бұл процеске араласпауы қажет болған», - делінген ақпаратта.

Соған қарамастан аталған бөлім басшысы жалға алушыларға хабарлама жіберіп, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып кәсіпкерлік қызметке араласқан.

«Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша тараптармен кездесулер ұйымдастырылып, мемлекеттік мекемеге тиісті ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолдаған хабарламаларды кері қайтарып, кәсіпкерлер өз жұмыстарын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар