Абай облысында 14 мың жұмыс орны құрылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметте Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай облысын дамытудың кешенді жоспарында 100-ден астам іс-шара қамтылған. Олардың қатарында инвестициялық жобаларды іске асыру, тұрғын үй, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды дамыту, азаматтық қорғау, сондай-ақ экология мәселелерін шешу көзделіп отыр. Жоспардың жалпы бюджеті 1,9 трлн теңгеге жуық. Олардың басым бөлігі – жеке инвестициялар. Облыста, сонымен қатар, «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар іске асырылады», - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, дамудың кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде өңірдің дамуы жаңа серпінге ие болады.

«Кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есе, капиталға салынатын инвестициялардың 3,5 есеге өсуін қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, 14 мың жұмыс орны құрылып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кешенді жоспардағы іс-шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар