Абай облысынан табылған алтын бұйымдар өлкетану музейіне тапсырылды

None
Фото: abai_oblysynyn_akimdigi
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Аягөз маңындағы көне қорғаннан археологтар бағалы металдан жасалған тақтайшалар, жануарлардың мүсіндері және ұсақ моншақтар тапты. Бүгін Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне жәдігерлерді тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі археолог Ғани Омаров бұл жәдігерлердің өңір тарихы үшін бірегей және аса құнды екенін айтты.

«2021 жылдан бері Мәдениет министрлігінің гранты бойынша Аягөз ауданында салааралық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Екі жылдың ішінде бұрын беймәлім болып келген 100-ге жуық археологиялық нысанды – қорғандарды, қоныстарды, жартастағы бейнелерді анықтадық. Өткен жылы қола дәуірінің екі қоршауына, ал өткен жылы үш қорғанға қазба жұмыстарын жүргіздік. Қорғандардың бірі ақсүйектерге тиесілі, б.з.б. 8-9 ғасырлар – ерте дәуірдегі сақ қорғандарының бірі», - дейді археолог.

Биіктігі шамамен 3 метр болатын ең биік қорғаннан ең құнды олжалар табылған.

Барлығы 2982 алтын бұйым табылды, оның көпшілігі ұсақ моншақтар және бұғы мүсіндері, табақтар да бар.

Мамандардың айтуынша, қорғанның бір заманда талан-таражға түскеніне қарамастан адам сүйектері мен алтын бұйымдар сақталғандықтан оны Алтын адам деп бағалауға болады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай Абай өңірінің тарихын тереңірек зерттеу үшін археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.

Археологтар Бозай қорымынан табылған адам өз заманында белгілі тұлғалардың бірі болғанын топшылайды.

Себебі алтын бұйымдармен ғана емес, бүркіт іспетті ірі құспен бірге жерленген.

Бұл алтын адамның келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар