Абай облысын құру рәсімдері тамыз айында аяқталады – Даниал Ахметов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абай облысын құру рәсімдері биылғы тамыз айында аяқталады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы тамыз айында Абай облысын құру бойынша коммуналдық меншікті беру, бюджетті бөлу рәсімдері мен білім беру бойынша басқа да ұйымдастырушылық мәселелер толық аяқталады. Жаңа облыстың тиісті қаржылық қолдауы бар берік экономикалық базасы бар және жаңа облыс пен бүкіл Қазақстанның игілігі үшін еңбек ететін бәсекеге қабілетті білікті кадрлары бар», - деді Д. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Семейде тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді, 7 жылда 1,3 млн м2 тұрғын үй немесе жалпы облыстық көлемнің 43%-ы пайдалануға берілген.

Халықты сумен қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілген. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 40 млрд теңгеге 156 нысан пайдалануға берілді, бұл ауылдардың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігін 2 есеге, 42,7%-дан 88,7%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Облыстық және аудандық маңызы бар 865 шақырым жол және Семей қаласының 223 км көше-жол желісі жөнделген. 2018 жылы Семейдің ұшу-қону жолағы және әуежайы қайта жаңартылған.

«Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы жоспарлы түрде дамып келеді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 20 мектеп (8,2 мың орын), 4 балабақша (880 орын), 3 студенттік жатақхана (692 орын) салынды, 17 мәдениет және спорт нысаны іске қосылды, 4 денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету жобасы іске асырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, 2020 жылдан бастап Семей қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары іске асып жатыр, қаржыландыру көлемі 260 млрд теңге. Соңғы екі жылда қалаға 107 млрд теңге немесе жоспарланған көлемнің 41%-ы салынды», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар