Абай облысын құру экономиканың барлық салаларына серпін береді – Нұржан Бекқожин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абай облысының құрылуы экономиканың барлық салаларын жандандыруға ықпал етеді. Бұл пікірді «Зайсан-Ертіс обласаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Семей балық инспекция бөлім басшысы Нұржан Бекқожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында жаңа Абай ауданын құрып, Семей қаласын облыс орталығы етіп белгілеу хабарланған еді.

«Ел Президентінің бұл тарихи шешімі - өңір тұрғындарының көптен күткен жаңалығы. Облыс орталығы Өскемен қаласына ауыстырылғаннан бері біздің қаламыздың облыстық маңызы бар басқа қалалармен салыстырғанда әлеуметтік және экономикалық дамуда артта қалып келе жатқаны баршаға аян. Абай облысының құрылуымен экономиканың барлық салаларында: өнеркәсіптік, құрылыс, ауыл шаруашылығында, балық шаруашылығында жандану басталады деп үміттенеміз және сенеміз. Семей қаласында осы жылдары барлық инфрақұрылым, жылумен жабдықтау, жолдар сапалы жөндеу көрмеді. Енді осы кемшіліктердің барлығы жойылады деп ойлаймыз», - дейді Н. Бекқожин.

Өз сөзінде спикер ҚР Үкіметі қабылдаған 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы Абай облысының құрылуымен қатар табысты іске асырылатынын айтты.

«Өйткені кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары халықтың және бюджет қаражатының ағылуына байланысты балық шаруашылығы саласын инвестициялайды және дамытуға мүдделі болады. Балық шаруашылығы субъектілеріне бөлінетін субсидия көлемі артып, балық шаруашылығымен айналысатын субъектілер санының артуына оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Сондықтан жаңа облыстың құрылуы өнеркәсіптің, құрылыс саласының ғана емес, сонымен қатар біздің аймақтың балық шаруашылығының дамуына және келешегіне одан әрі серпін береді», - деді Нұржан Бекқожин.


Соңғы жаңалықтар