Абай қаласында сәбилерге қол көтерген тәрбиеші 40 тәулікке қамалуы мүмкін

None
None
АБАЙ. ҚазАқпарат - Оқиға Абай қаласындағы «Әдемі» балабақшасында болған. Әлеуметтік желіні шулатқан видеода тәрбиеші бүлдіршіндерді желкесінен нұқып, басынан ұрып жатқанын көруге болады. Балалардың ата-аналары оқиғаны көпшілік назарына шығаруды шешкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Болжам бойынша оқиға Наурыз мейрамын атап өту кезінде болған. Себебі видеода тәрбиешінің ұлттық костюмде жүргенін байқауға болады.

Балабақшада орнатылған бейнекамералардағы жазбаны қарау барысында ата-аналардың бірі тәрбиеші екі баланы басынан сәл ұрып жібергенін байқайды.

Анықтап қарағанда ол өзінің баласын таниды.

«Мұндай видеолардан кейін балаларды балабақшаға жіберуге қорқамыз», - деп жазады абайлықтар әлеуметтік желілерде.

«Пандемияға байланысты ата-аналарға балабақшаларға кіруге тыйым салынды. Басшылық тарапынан да бақылау әлсіз, тамақтануды ешкім бақыламайды. Ата-аналар күтпеген жерден және 3-5 адамнан келіп, бақылау жүргізуі керек. Кішкентай балалар ата-аналарына тәрбие, қарым-қатынас және тамақтану шарттары туралы көп нәрсе айта алмайды», - дейді жергілікті тұрғындар.

Абай ауданының білім бөлімі бұл оқиға қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.

«Әдемі» балабақшасы жекеменшік және Абай ауданының білім бөліміне бағынышты емес. Жеке бақша 2021 жылдың ақпан айында ашылды, 550 орынға есептелген. Аталған факті бойынша комиссия құрылып, қарау қорытындысы бойынша қажетті шаралар қабылданады», - дейді білім бөлімі.

Тәрбиешінің әрекетін полиция да тергеп жатыр.

«Аталған факт ҚР ҚК-нің 140-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша Абай ауданының ПБ-де тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы күдіктіні анықтады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар