Абай ілімі: СҚО-да «Толық адам» спектаклі көрерменге жол тартты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай көрермендеріне сый жасады. Олар Абайдың идеясын негізге ала отырып, «Толық адам» спектаклінің тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры бір жылдық үзілістен кейін өз көрермендерімен қауышты. Карантин уақытында қол қусырып отырмай, Абайдың іліміне негізделген мазмұны терең, мағынасы зор қойылымды сахнаға әзірледі. Өнер сүйер қауымның назарына «Толық адам» спектаклін ұсынды.

«Абай Құнанбаевтың «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір ғажап адаммын оны да ойла», - деп, бізге қалдырған өсиетін ұғына алдық па? Былтыр 175 жылдық мерейтойын атап өткен Абайдың қазынасын қаншалықты игердік, жан-дүниесін толық түсіне алдық па? Мұны бүгін әр қазақ өзіне қоюы тиіс. Абай заманында айтып кетпек бес асыл іс пен бес дұшпан бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Біздің мақсат – көрерменге ой салу», - дейді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сахналанған «Толық адам» спектаклі фарс, гротеск, карикатура жанрларын біріктіреді. Қойылымның басты режиссері, өзіндік қолтаңбасы бар, қазақстандық режиссерлердің жаңа толқынының жарқын өкілі – Фархат Молдағали. Спектакльде 16 актер ойнады.

Спектакльдің идеясы - Абайдың өз заманында айтып кеткен ойларын бүгінгі жастар қалай түсінеді, ұлы ақын ілімінен не түйеді. Актерлік құрамның өнерін көрермен жоғары бағалады.


Соңғы жаңалықтар