Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат 55 жылдығын атап өтті

None
None
   АЛМАТЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат -  Алматыда Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың 55 жылдық мерейтойы атап өтілді.

 Мерейтой қарсаңында мектеп түлектерінің қолғабыс етуімен білім ордасының ауласына Абайдың бюсті орнатылды. Оны салтанатты түрде ашу құрметі КСРО және Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі Орынша Қарабалина мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының  докторы Тұрсынбек Кәкішевке берілді.  

 «Мен мектептегі 57 жылдық қызметімнің 40 жылын осы білім ордасында өткіздім.  Бұл қарапайым мектеп болғанымен - іші алтын. Қара шаңырағымыздан Абайша ойлап, Абайша жазатын балалар шығып жатыр», - деп атап өтті Орынша Қарабалина.

Аталмыш білім ордасы 1957 жылы ауылдағы малшылардың балаларына арналған республикалық деңгейдегі мектеп-интернат болып ашылып, кейін  1988 жылға дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеулер институтының эксперименттік базасы ретінде жұмыс жасады. 1988 жылы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат ретінде өз жұмысын одан әрі жалғастырды. 2003 жылы "Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат" деген атауға ие болып, оған Үкімет қаулысымен 2006 жылы Абайдың есімі берілді. ҚР Халық артисі, композитор Кеңес Дүйсекеев, ҚР ҰҚК академиясының бастығы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев сияқты тұлғалар білім алған бұл мектептің атақ-абыройы республикаға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де танымал.

Іс-шара Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткен «Түлектер тартуы» атты салтанатты кешпен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар