Абай әндері «Қазақконцерттің» әр концертінде шырқалады - Жеңіс Сейдуллаұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы Абайдың әндері Қазақконцерттің әр концертінде шырқалып, ұлы баба мұрасын ұрпаққа жеткізу ісіне жіті мән берілетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани қазынаны мұра еткен ұлы Абайдың тағылымына терең бойлаған сайын «көкірек көзің ашылады». Жалпы, соңғы уақытта рухани мәселелерге ерекше көңіл бөлініп жүргенін байқаймыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған «Ұлы даланың жеті қыры» және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы - соған дәлел», - дейді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Жеңіс Сейдлуллаұлы Абай хакімнің «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген жақсы сөзі барын еске салды.

«Біз Мемлекет басшысының ел тарихындағы жаңа онжылдықты осындай ауқымды бағдарламадан бастап, ұлттық идеяны Абайдың тағылымға толы мұрасы арқылы қалыптастырып жатқанына куәміз. Меніңше, бұл өте жақсы бағыт, себебі Абайды тану санамызға серпіліс әкеледі. Бұл еліміз үшін Абайды жаңаша танудың, жаңаша бағалаудың үлкен жолы деп білеміз. Абай атамыздың бай мұрасы, поэзиясының ғажап қуаты, өсиет-өнегесі уақыт өткен сайын өзінің көкейкестілігін жоғалтпай, керісінше өзектілігі артуда. Сондықтан Президенттің «Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген сөзін негізге ала отырып, біз рухани санамыздың жаңғыруы жолында Ұлы Абайдың еңбектерін тағы бір саралап, өміріміздің әр саласында дұрыс пайдалануды ойластырғанымыз абзал», - дейді ол.

«Қазақконцерт» басшысының сөзінше, поэтикалық және композиторлық туындыларымен қазақ музыкасына жаңа леп әкелген Абайдың ән мұрасы ерекше сұлулығымен, көркемдік байлығымен, әуезділігімен құнды. Бұған қоса, өскелең ұрпаққа берер тәрбиелік мәні Абай әндерінің құндылығын арттыра түседі

«Ендігі мақсат – осы өшпес мұраны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге үлес қосу, республикалық және әлемдік деңгейде насихаттауға бағытталған игі шараларды жүзеге асыру. Осы орайда «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы игі бастаманы қолға алды. Ұлы ақынның 175 жылдығы аясында өткізілетін ауқымды жобалардан бөлек, Абайдың әндері «Қазақконцерттің» әр концертінде шырқалмақ. Әр концертте құлақтан кіріп, бойды алар әндер шырқалса, ұлы ақынның ән мұрасы халыққа жақын бола түсіп, рухани құдіретімен қуаттандыра бермек. Бұл игі бастама барша республикалық, облыстық, қалалық және аудандық өнер ұйымдары тарапынан қолдау тапса, қазақ өнерінің мерейі арта түседі деген ойдамын», - деп түйді ол.


Соңғы жаңалықтар