Абай, Ахмет, Әлихан: Семейдегі мектептерге танымал тұлғалардың есімі беріледі

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде ағымдағы жылы қаланың оқу орындарына көрнекті тұлғалардың есімін беру бойынша жұмыстар жүргізілді. Комиссия шешімі бойынша 6 мектептің атауы ауысатын болды. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда № 49 орта мектепке - Абай, №37 гимназияға - Ыбырай Алтынсарин, № 3 орта мектепке - Мұхтар Әуезов, № 2 орта мектепке - Қаныш Сәтпаев, № 39 орта мектепке - Әлихан Бөкейхан, № 47 орта мектепке - Ахмет Байтұрсынов, Балалар музыка мектебіне Теміржан Базарбаевтың аты беріледі. Сонымен қатар, көше атаулары да қазақшаланып жатыр.

Бұған дейін Дальняя көшесіне Кеңес Одағының Батыры Закария Белібаевтың есімі беріліп, Интернациональная көшесі Қайым Мұхамедханов атына ауысқан болатын. 2018 жылы республикалық ономастикалық комиссия отырысында тағы 7 көшені қазақтың ақын-жазушыларының есіміне ауыстыру туралы ұсыныс оң шешімін тапқан.

«Соңғы үш жылда ономастика саласында атқарылған жатқан жұмыстар жетерлік. 2018 жылғы 25 мамырдағы Республикалық ономастикалық комиссияның отырысында Полковничий аралын Бейбітшілік аралына, Ленин көшесін Мәңгілік ел көшесі деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру мәселесі де мақұлданды», - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Маржан Бахытова.

Көше атаулары Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы автоматты түрде ауысатын болады. Тұрғындар ешқандай ақшалай шығынға ұшырамайды.

Соңғы жаңалықтар