Абай 175 жыл: Бердібек Сапарбаев көпшілікпен бірге концерт-композицияны тамашалады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композиция өтті.

Тұлға мерейтойының өңірде ресми түрде бастау алуына арналған салтанатты шараны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікпен бірге тамашалады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара аясында аталған концерт залының фоэсіне ақын мұраларынан әзірленген көрме жасақталды.

Кеште К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы өнерлерін ортаға салды. Жиналған жұртшылық назарына ең алдымен LED экран арқылы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильм ұсынылды.

Ал негізгі әдеби сазды іс-шара танымал дирижер Адай Жұмат дирижерлік еткен Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. «Мерей» тобы және «Шолпы» би ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүрекке жеткізсе, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын облыстық театр әртістері нақышына келтіре оқытып, жан тебірентті.

Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Кәдіров Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хәкімнің әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін шарықтата шырқады. Одан кейін театр әртістері Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ» туындыларынан құралған әсерлі композицияны саханалап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева және Сұлужан Әбенова «Сегіз аяқ» әнін орындап, сезім пернелерін дөп басса, театр әртістері «Абай мен Тоғжанның», «Абай мен Әйгерімнің» поэтикалық көріністерін ғажап сомдап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Абай операсынан «Ажардың ариясы», ақынның А.Пушкиннен аударған «Е.Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас» атты сазды шығармалары да, «Есіңде бар ма жас күнің?», «Ғашықтың тілі тілсіз тіл», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты терең философиялық һәм лирикалық өлеңдері де көңіл тербетті.

Шара соңында өнерпаздарға өңір басшысы Бердібек Машбекұлының ықылас гүлі салтанатты түрде табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар