#abai175: Елорададағы поляк диаспорасы Абай өлеңдерін оқыды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған поэзия челленджіне Нұр-Сұлтандағы поляк диаспорасы да қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы «Polska Jedność» қоғамдық бірлестігі қазақтың ұлы ақыны Абайдың175 жылдығына арналған #abai175 челленджіне қосылды. Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич, «Polska Jedność» ҚБ өкілдері және № 67 гимназияның Адольф Янушкевич атындағы Поляк тілі кабинетінің оқушылары Абайдың Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2004 – 2007) Владислав Соколовски аударған өлеңінің үзіндісін оқыды», - делінген YouTub-тағы видеоның сипаттамасында.

Этнобірлестік өкілдерінің айтуынша, Поляк тілі кабинеті жуырда «Polska Jedność» қоғамдық бірлестігінің жанынан, № 67 лингвистика гимназиясының базасында ашылған. Оның ресми ашылу салтанаты енді болады.

«Гимназияның оқушылары енді ғана бірнеше сабаққа қатысқанына қарамастан, ұлы Абайдың өлеңдерін поляк тілінде жап-жақсы оқып шықты», - дейді поляк филологиясының магистрі Юстына Цалчыньска.

Видео авторларының айтуынша, Адольф Янушкевич кабинетінің #abai175 челленджіне қатысуының зор мәні бар. Өйткені Янушкевич Құнанбаймен әңгіме үстінде Қазақстанның болашақ астанасына болжам жасапты.

«Біз эстафетаны: аударманың авторы Владислав Соколовскиге, ҚР сыртқы істер вице-министрі Роман Василенкоға, Қазақстанның Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұханға, Слупскідегі Абай атындағы Қазақ мәдени және ғылыми орталығының өкілдеріне, Польшадағы «Барыс» Қазақстан жастары қоғамына, Польшаның Нұр-Сұлтандағы бұрынғы консулы, қазір Нью-делидегі Поляк институтының директоры Малгожата Таньскаяға, достарымыз – поляк тілінің үздік аудармашысы Әсел Сағымбековаға және Қазақстандағы ең танымал поляк тілі оқытушысы Марта Зелинскаяға, Қазақстандағы полония ұйымдарының өкілдеріне, поляк тілінің оқытушыларына, сондай-ақ Қазақстан мен қазақ мәдениетін сүйетін барша поляктарға жолдаймыз», - дейді «Polska Jedność» ҚБ өкілдері.

Еске сала кетсек, ең алғаш болып ұлы ақынның өлеңдерін оқу #Abai175 эстафетасын 9 жасар мектеп оқушысы бастап, Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын. Кейін оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Онан соң Ресейдің халық әртiсi Игорь Крутой Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабыл алған болатын.

Сонымен қатар, челленджді «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы «Egemen Qazaqstan» газетінен қабыл алып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады және эстафетаны «Татар-Информ» ақпарат агенттігіне, Қырғыз Республикасының «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігіне, «Tengrinews» және NUR.KZ порталдарына жолдаған еді.

Соңғы жаңалықтар