#Abai175: АҚШ елшісі Уильям Мозер «Желсіз түнде, жарық айды» оқыды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер Абайдың 175 жылдығына арналған эстафетаны қабыл алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшілікке сілтеме жасап.

«АҚШ Елшісі Уильям Мозерге АҚШ мемлекеттік бағдарламаларының бірінің түлегі Альбина Қасенова ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқу эстафетасын жолдаған еді. Елші мырза бұл бастаманы қолдауды мәртебе санап, ұлы ақынның өлеңін ағылшын тілінде оқып, елшіліктің дарынды қызметкерлерінің бірі Ақботаның орындауында музыкалық сүйемелдеумен бәрімізге белгілі «Желсіз түнде жарық ай» композициясын ұсынды», - делінген елшілік хабарламасында.

У. Мозер скрипканың сүйемелдеуінен ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін ағылшын тілінде оқыды.

Елші кезекті эстафетаны АҚШ дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлеріне жіберді.

Айта кетейік, бұған дейін Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ қазақ тілінде ақын Абайдың өлеңінен үзінді оқыған еді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған 9 жасар мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Аталмыш эстафетаны «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы «Egemen Qazaqstan» газетінен қабыл алып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бес тілде шырқады. Эстафетаны «Татар-Информ» ақпарат агенттігіне, Қырғыз Республикасының «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігіне, «Tengrinews» және NUR.KZ порталдарына жолдады.

Соңғы жаңалықтар