Абаев: Ұлттық кеңестің жұмысы күмәншілердің барлық жорамалын жоққа шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кейбір мүшелеріне моральдық қысым көрсетіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңестің кейбір мүшелеріне моральдық қысым көрсетіліп жатқанын байқап отырмын. Сынаушыларға қалайда мәселенің шешілгенінен гөрі сынаған артық болып тұр. Президент Кеңестің құрылатынын жариялаған кезді еске түсірсеңіз, бұның құрғақ уәде екенін айтқан күмәншілер пайда болған еді. Алайда, Кеңес ақыры құрылғаны анықталғаннан кейін, әлгілер «оған тек билікке ыңғайлы адамдар енеді» десті. Әйтсе де, Ұлттық кеңес мүшелері тізімі жарияланғаннан соң скептиктер жаңа аргументтерді іздестіре бастады. Олар отырысқа Тоқаев қатыспайды, барлық спикерлер тек келісілген баяндаманы оқиды, ешкім өткір мәселелерді көтермейді деп сөз таратты. Ал болған шара – күмәншілердің барлық жорамалын жоққа шығарды», - деді Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің сөзінше, енді аталған тұлғалар көтерілген бастамалар күшіне енбейтіндігі туралы айта бастады.

«Бірақ, қазірдің өзінде мемлекеттік органдар айтылған барлық ұсыныстарды талдау үстінде», - деді Д.Абаев.

Еске сала кетсек, 6 қыркүйекте елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптасады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.



Соңғы жаңалықтар