Абаев Алматы дәрігерлерінің ісі туралы: Желідегі пікірлер тергеуге кедергі келтіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне қатысты іске пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен үзілді-кесілді пікір айтудан аулақпын. Себебі, болған оқиғаның мән-жайынан хабарсызбын. Мұнымен құзырлы органдар және сот айналысуда және солар нақты шешім қабылдайды. Мен тек екі нәрсені айтқым келеді: біріншісі – өте қайғылы оқиға орын алды. Кез келген өлім марқұмның жақындары мен туыстарына орны толмайтын қайғы әкеледі. Әсіресе, жас, отбасының тірегі болатын адамның қазасы ауыр. Мұнда отбасына көңіл айтудан басқа амалымыз жоқ», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Ол жағдайдың тым шиеленісіп кеткенін айтты.

«Кімнің кінәлі екенін бірден айту қиын. Бір айтарым, интернетте болып жатқан дау-дамай бүкіл процеске кедергі келтіреді. Себебі, іс бойынша шешім қабылдайтын адамдар қоғамның қыспағында отыр. Тағы бір өкінішті жайт – адамдардың дәрігерлерді немесе полицейлерді жаппай қаралауы. Клавиатурамен айыптау оңай. Бірақ, бұл пікірді 9 сағаттық қиын отадан шыққан хирургке айта алмайсыз. Үйге қонбай, қауіпті қылмыскерді ұстаған полицейге айта алмайсыз. Мұның барлығы біздің қауіпсіздігіміз үшін. Дәрігерлер мен полицейлер күн сайын жүздеген өмірді құтқарады. Оларға құрметпен қараған жөн. Атышулы іс бойынша сот қана шешім қабылдайды», - деді Д. Абаев.

Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының соңында Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы Полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев көз жұмды. Жол апатына түскен Н.Күдебаевқа Алматы қаласында ота жасалған. Операциядан кейін ем-шаралар қабылдау мақсатында ол Германияға барған. Сол жақта өмірден озды.

2 қыркүйекте тергеу сотының қаулысымен №4 Мемлекеттік клиникалық аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев екі айға қамауға алынды. Оған «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

22 қыркүйек күні соттың мақұлдауымен, дәл осы баппен аталған клиниканың бас дәрігері Қанат Тезекбаев та екі айға қамауға алынды.

Осы екі аралықта – қыркүйек айында Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қанат Төсекбаев қызметінен кетті. Денсаулық сақтау басқармасы оның қызметтен кетуі бұл жағдаймен еш байланысы жоқ екенін, ол мемлекеттік басқару саласындағы оқуына байланысты кеткенін айтты.

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу басқармасы жүргізеді.

25 қыркүйек күні ғаламторда Қанат Тезекбаевтың әйелі Мемлекет басшысына жолдаған үндеуі пайда болды. Онда Дина Тезекбаева Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне күйеуін кінәлап жатқандары туралы жазған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде медициналық қоғамдастықтың дәрігерлерді қамауға қатысты бірқатар үндеуі пайда болды.

Бұл үндеулерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, істі заңды түрде тергеуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президенттің тапсырмасымен бұл мәселені жеке бақылауына алғанын атап өтіп, бәрін сабырға шақырды.

Кейін Алматы қалалық соты Қанат Тезекбаевқа қатысты апелляциялық сот ешқайда кетпеу туралы қолхат алу түріндегі жаңа шара қолданылғанын айтты.

Сондай-ақ, 25 қыркүйекте тергеу сотының қаулысымен Асқар Тұңғышбаевтың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу шарасына өзгертілді.

Соңғы жаңалықтар