АӘК төлеудің жаңа заң жобасын ай соңында Парламентке енгізу жүктелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа тетіктері көзделген заң жобасын қазан айының соңына дейін Парламентке енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін қаралып отырған мәселенің маңызы өте жоғары. Біз халықты әлеуметтік қолдау тәсілдерін жетілдірудеміз. Осы бағытта үлкен жұмыс атқарылған және бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, АӘК көрсету тетігі ашық әрі әділетті болуы, адамдарды бейқамдыққа емес еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Бүкіл әлемде азаматтарды әлеуметтік қолдаудың кез келген жүйесі ең мұқтаж адамдарға ғана бағытталады. Ашықтық қағидаттарға сәйкес болады және оңай қол жеткізуге, еңбек етуге, жарамды жастағы азаматтардың жұмыспен қамту шараларына қатысуына негізделеді», - деді А.Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Осы орайда Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ұсынған тәсілдер жалпы қабылданған стандарттарға сай келетіндігін айтты. Ұсынылған жаңа шаралардың мағынасын халыққа дұрыс жеткізудің маңызы өте зор екендігіне назар аудартты.

«Осыған орай, бірнеше тапсырмалар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде ауқымды және сапалы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырсын. Көмекке мұқтаж адамдардың барлығы мемлекет қамқорлығында болып келді және солай болатындығын азаматтар білуі тиіс. Ал жұмыс істей алатын адамдар үшін оқу, мамандықтарды игеру, өз бизнесін ашу, жұмысқа орналасу үшін барлық жағдай жасалады. Қазан айының соңына дейін заңдарға енгізілетін барлық өзгерістер топтамасын дайындап, Парламентке енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Еске салайық, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын таныстырды. Басты бағыт - еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр. Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі.

Сондай-ақ министр атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттарын атады. Бұдан бөлек, табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек.

Мәліметке сәйкес, табысын жасыру арқылы АӘК-ті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды.

Соңғы жаңалықтар