АӘК-ті заңсыз алғандар ақшаны өз еріктерімен қайтарып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалуына жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің де кінәсі бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табыстары мен дүние-мүлкін жасырған 73 714 отбасы анықталды. Аталған фактілерге қатысты алушылар ғана кінәлі емес дегенмен келісемін. Бірақ, кірістерін жасырып қалған адамдар жауапты. Әрине, АӘК тағайындаумен айналысқан жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің де кінәсі бар. Сондықтан өз міндеттемесін жауапсыз орындағаны үшін жазалау мәселесін 9 айдың қорытындысы бойынша қарастырамыз. Әкімдерге сондай тапсырма берілді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар қаражаттарын қайтадан мемлекетке өз еріктерімен қайтарып жатыр.

«Біреулері бүкіл соманы, енді бірі біртіндеп қайтарып жатыр. Артық төленгендерге алдағы айлардың төлемдерінен ұсталады. Жазалау шаралары болмайды. Ақшаны қайтармай, сотқа жүгінген жағдай болған жоқ», - деді Біржан Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар