A'Studio тобы қазақша ән шырқайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 30 жыл бұрын Алматыда құрылған әйгілі А'Студио тобы тыңдармандарына қазақ тілінде ән дайындап жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанада өтетін А'Студио тобының «Музыка күші» концертіне арналған баспасөз мәслихатында топ солисі Кети Топурия қазақ тілінде ән жаздыру туралы тыңдармандар сұрағына жауап берді.

«Сіздер мені әбден қинайын дедіңіздер ме? Грузин қызы болғаным үшін, қазақша оңай ән салады деп ойлайсыздар ма? Бұған дейін Батырмен (Батырхан Шүкенов - топтың алғашқы солисі - ред.) бірігіп, дуэт жазғымыз келді. Сондағы екі сағаттық азапты көрсеңіздер, студияда дәл бұлай қиналмаған шығармын. Бірақ, ән жазу процесі аяқталған соң, менің қазақшамды мақтады. Меніңше, қазақша ән жазсақ, қазақ аудиториясымен ғана шектеліп қаламыз. Ал біз музыка арқылы барша халықты біріктіргіміз келеді. Дегенмен, бізде қазақша ән жазылып жатыр», - деді ол.

Бұл хабарды А'Студио продюсері Байғали Серкебаев растады.

«Біздің қоржынымызда жаңа қазақша ән бар. Бұл туралы әзірге айтқымыз келмеп еді. Дайын болған соң, назарларыңызға ұсынамыз», - деп толықтырды ол.

Ал ЭКСПО-да өтетін «Музыка күші» концертінің режиссері аталған кеште қазақ музыкасы мен ұлттық аспаптары ойналатынын, көрермендерді ерекше шоу күтіп тұрғанын мәлімдеді.

A'Studio тобының «Музыка күші» атты мерейтойлық концерті 15-20 тамыз күндері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы концертке голограмма, лазер, интерактивті қондырғылар, визуалдық және дыбыстық арнайы эффектілер және бірегей хореографиялық қойылымдар әзірленген.

Соңғы жаңалықтар