A'Studio тобы 30 жылдығын ЭКСПО-да тойлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл ТМД елдеріне танымал A'Studio тобының құрылғанына 30 жыл толады. Аңызға айналған топ өзінің 30 жылдық мерейтойын тойлауды Қазақстаннан бастағалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

15-20 тамыз күндері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында A'Studio тобының «Музыка күші» атты мерейтойлық концерті өтеді. Топ өкілдерінің айтуынша, бұл кеш бұрынғы концерттерінен өзгеше.

«Бұл топ тарихындағы ең әсерлі, ең әдемі шара болмақ, онда алғаш рет голограмма, лазер, интерактивті қондырғылар сынды заманауи мультимедиялық шоу элементтерін қосып отырмыз. Одан бөлек, көрермендерді визуалдық және дыбыстық арнайы эффектілер, бірегей хореографиялық қойылымдар күтіп тұр. Мұндай шығармашылық кеште арамыздан ерте кеткен топ мүшелері Батырхан Шүкенов, Бағлан Сәдуақасов, Болат Сыздықовты еске алмау мүмкін емес. Оларға арнайы нөмір дайындадық» - деді топтың негізін қалаушы, продюсер Байғали Серкебаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, танымал топ мүшелері өз концерттерін Қазақстаннан бастаудың бірнеше себептері бар екенін атап өтті.

«Біздің мерейтойлық шоу отанымыз - Қазақстаннан бастау алады. Одан кейін Алматы, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында концерт өткізу жоспарланған. Бірақ, біздің ең ауқымды шоу-концертіміз ЭКСПО-да өтеді. Себебі, мұндағы техникалық мүмкіндіктер жоғары, бәрі жаңа, бәрі заманауи. Өзге қалаларда мұндай шоуды өз деңгейінде өткізе алмаймыз», - деп толықтырды Б.Серкебаев.

Тағы бір айта кетерлігі, кеш ұйымдастырушылары әлеуметтік-қайырымдылық шарасын да назардан тыс қалдырмаған.

«Біз өз концерттерімізге жастардың, жас жеткіншектердің көбірек келгенін қалаймыз. Олардың ой-пікірі, талғамы біз үшін қызық. Біздің кешімізге келуге мүмкіндігі жоқ жеткіншектерге және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне концертіміздің 2 мың билеті арнайы бөлініп отыр», - деп сөзін түйіндеді Б.Серкебаев.

Соңғы жаңалықтар