«А» корпусына іріктеудің нәтижесі жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік әкімшілік «А» корпусы қызметіне сынақтың шекті мәнін 73 кандидат еңсерді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы іріктеу екі лауазымға өткізілді, яғни комитет төрағалығы мен аудан әкімі қызметтері қамтылды. Конкурста 619 кандидаттың арасында мемлекеттік қызметшілермен қатар, мемлекеттік емес сектордың да өкілдері болды. Олардың ішінде комитеттер төрағалары қызметіне 80 адам, ал аудан әкімдері лауазымына 472 адам үміткер атанды, сонымен бірге 67 адам іріктеуге қатысу үшін екі санатқа бірден құжат тапсырды. Түскен өтінімдерге қарасақ, «А» корпусы институтына қызығушылықтың жоғары екінін байқап отырмыз», - деді А. Шайымова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, қатысушылардың арасында 473-і мемлекеттік қызметшілер, 146 адам басқа секторлардың өкілдері болып табылады.

Құжаттар биылдың 15 қыркүйегіне дейін қабылданды. Кандидаттардың бірқатары бекітілген талаптарды орындамады. 99 кандидат келесі кезеңге өткізілмеді. Атап айтқанда, 45 адам біліктілік талаптарына сәйкес келмеді, 8 үміткердің құжаттары бекітілген ережеге сай болмады, 2 адамның құжаттары толық болмады, ал 44 мемлекеттік қызметшіде жұмыстарының тиімділігін бағалау туралы мәліметтер қамтылмаған. Тағы бір адам конкусқа қатысудан өз еркімен бас тартты. Нәтижесінде тестілеуге 519 кандидат өткізілді.

«Тестілік сынаққа 490 адам қатысты. Шекті мәнді 73 кандидат еңсерді, оның ішінде екеуі комитет төрағасы әрі аудан әкімі лауазымдары бойынша 2 бағдарламаны да орындады», - деді Айгүл Шайымова.

Осы орайда ол өткен іріктеу кезеңін сәтті тапсырғандардың арасында 51 адам мемлекеттік қызметшілер болса, 22-сі мемлекеттік емес сектордың өкілдері екенін атап өтті.

Өздеріңіз білесіздер, «А» корпусы институты төрт жыл бұрын енгізілді. Осы уақыттың ішінде конкурстық үш іріктеу өтті. Кадрлық резервке 1204 адам тіркелді. Қазіргі кезде «А» корпусы лауазымдарында 263 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл институт енгізілгеннен бері кадрлық құрам күшейтіліп, командалық ауысулар қысқарды, сондай-ақ кадрлық тұрақтылық қамтамасыз етілді.

Биыл «А» корпусы институты оңтайландырумен қамтылып, онда осы корпусқа жатқызылған 241 қызмет қысқартылды. Онда жауапты хатшылар, министрліктердегі комитет төрағалары, орталық мемлекеттік және жергілікті артқару органдарындағы аппарат жетекшілері, аудан әкімдері қызметтері сақталды.

Соңғы жаңалықтар