А. Есімов: Сабақ кезінде қауіпті қару-жарақты пайдаланбау керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқу орындарында сабақ кезінде қауіпті қару-жарақты пайдаланбау керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәлім етті.

«Министрге ресми түрде хат жаздым. Ондағы ойым алғашқы әскери дайындық пәнін шетелдегі сияқты басқаша беру туралы ұсыныс айту болды. Министрден жауап келді, көптеген шаралар қолданылып жатыр. Сондықтан, уақыт көрсетеді. Ең бастысы, сабақта қауіпті қару-жарақты пайдаланбау керек»,-деді А. Есімов.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қараша күні Алматыдағы сән және дизайн колледжінде әскери дайындық сабағында граната жарылып, 12 адам жапа шекті, бір қыз көз жұмды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы әкімі Ахметжан Есімов ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке алғашқы әскери дайындық сабағын өткізудің қажеттілігін қайта қарауды өтініп, хат жолдады.

Қала басшысы өз ұсынысын 18 қарашада 5-інші шақырылымдағы Мәслихат депутаттарының XXXIII сессиясында жариялады. Оның айтуынша, АӘД сабағының бағдарламасы Кеңестік кезден бері әлі өзгеріске түспеген. «Мен алғашқы әскери дайындық сабағының жүргізілуіне күмәнді көзқараспен қарап отырмын. Хатымда министрге бұл сабақты арнайы оқу орындарынан бөлек білім беру ордаларында өткізудің қажеттілігін қайта қарауды ұсындым. Заман талабына сай әлемде арнайы оқу орындарын айтпағанда, ешбір оқу орнында балаларға автоматты қалай оқтап, қалай атуды, гранатын қалай пайдалануды үйретпейді. Министрлік шешім қабылдағанша, Алматыдағы оқу орындарында ешқандай қарудың үлгілері қолданылмайды», - деді Ахметжан Есімов.

Соңғы жаңалықтар