А.Есімов Алматы көшелерінің біріне ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің атын беруді ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінің біріне армия генералы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің аты беріліп, 28 гвардияшыл панфиловшылар саябағында ескерткіш бейнесі тұрғызылады.

Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің 90 жылдығына арналған ғылыми конференция барысында айтты. «Біз халқымыздың ержүрек ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 90 жылдығына арналған ғылыми тәжірибелік конференцияда бас қосып отырмыз. Ол кісінің өмірі мен еңбек жолы нағыз ерлік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі ретінде кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Ұлы Отан соғысы кезінде ол Украина, Батыс Беларусь, Польша, Молдавия жерлерін жау құрсауынан азат етті. Сол ерлігі үшін лайықты Кеңес Одағының батыры атағын алды. Елбасы айтқандай, Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл өмірін қазақ әскерінің қалыптасуына арнап, өзін талантты ұйымдастырушы, терең білімді көшбасшы ретінде көрсете білді. Оның мол тәжірибесі, ақыл-білімі ҚР Қарулы Күштерін құруда үлкен рөл ойнады»,- деді қала басшысы. Ахметжан Есімов ғұмыры ғибратқа толы тұлғаның ерлігі ел есінен ешқашан өшпейтінін атап өтті. «Мен ол кісінің жарқын ерлігінің куәсі ретінде Сағадат Нұрмағамбетовтің атын Алматы көшелерінің біріне беруді әрі 28 гвардияшыл панфиловшылар саябағында ескерткіш бейнесін тұрғызуды ұсынып отырмын», - деді ол. Ғылыми конференция барысында Сағадат Нұрмағамбетовтің Қазақстан Қарулы күштерін құрудағы ерен еңбегі жайлы ҚР Қарулы Күштері бас штабы басшысының бірінші орынбасары Мұхамеджан Таласов баяндады. «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан жарылуға дайын тұрған өте қауіпті аймақты елестететін. Әскери салаға бөлінетін қаржы өте мардымсыз болатын. Әскерилердің жаппай жұмыстан кетуі, жалақының аздығы, қылмыстылықтың көбеюі - барлығы Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуына кері әсерін тигізіп жатқан-ды. Сол қиын шақтарда басшылықты өз қолына алған Сағадат Нұрмағамбетовтің алдында бірқатар қиын-қыстау сұрақтар тұрды. Әскерге мамандарды қайдан алу керек? Ядролық қаруды қайда жіберу керек? Сол кездердегі әр шешім үлкен тәуекелмен қабылданатын. Әр тапсырма үлкен ыждаһаттылықпен орындалатын. Қазіргі ҚР Қарулы Күштері ол кісінің ақыл-парасатының арқасында қалыптасты десек артық емес», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар