А.Есімов Алматы қаласының ұстаздарына балаларды оқытудың заманауи тәсілдерін игеруді ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Білім жылы қорытындыланды. Республика сарайында өткен жиында қала әкімі Ахметжан Есімов өткен жылы жүзеге асқан бірқатар маңызды шараларды баяндап өтті.

«Өткен 2014 жыл Алматыда білім беру жылы деп айшықталған еді. Біздің игі ниетіміз қала жұртшылығы, ата-аналар тарапынан кең қолдау тапты. Бұл жылы мұғалімдердің қол жеткізген жетістіктері баршылық. Математика, химия, физика, биология пәндерінен өткен Президенттік Олимпиадада Алматы қаласының командасы бірінші орынға ие болды. Жәутіков Олимпиадасында жүлделі орын алған 49 оқушының 15-і Алматыдан», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов.

Оның айтуынша, білім беру саласына 71 млрд. теңге бөлінген. Бұл қала бюджетінің 20 пайызын құрайды. Алматыда білім беруді дамыту жылы аясында 480 орынға арналған 4 жаңа балабақша салынды. «Саялы» ықшамауданында жалғыз басты аналар мен түнгі ауысымда ата-аналарды қолдау үшін алғаш рет бес күндік тәулік бойы жұмыс жасайтын 320 орынға арналган балабақша ашылды.

«Жас қанат» ықшамауданында 1200 орынға арналган жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.

Білім беру ұйымдарын интерактивті құралдармен, компьютерлік техникалармен, жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен, жиһаздармен қамтуға 1,4 млрд. теңге жұмсалды. 19 білім беру ұйымында сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстарына 5,9 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Кәсіби-техникалық білім беру саласында да ілгері жылжу байқалады. Қаладағы 32 кәсіптік колледждің басшылығы бірнеше ірі кәсіпорындармен келісімге отырып, дуальды білім беру жүйесін енгізген. Аталған колледждердің 1200 түлегі жұмыспен қамтылатын болды.

Ахметжан Есімов қала ұстаздарына балаларды оқытудың заманауи тәсілдерін игеруді ұсынды. Дәлірек айтсақ, Алматыдағы «Хеллиберри» мектептерінде стандарттан тыс оқыту тәсілдері әкім тарапынан жоғары бағаланды. Ол аталған мәселені назарға алуды Білім беру басқармасына тапсырды.

Соңғы жаңалықтар