А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы: Ақмола облысында 2 мыңнан астам шара өткізіледі
2022 жылғы 27 қаңтар 21:51

А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы: Ақмола облысында 2 мыңнан астам шара өткізіледі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Алаштың көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Брифингте Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова осынау мерейтой аясында биылғы жылы өңірде өткізілгелі отырған іс-шаралар туралы баяндады.

«Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ үшін қасиетті есім. Ол өз ұлтының бағы үшін өмірдің барлық саласына араласты. Бұған оның атақ-даңқы дәлел. Қазақ халқы біртуар перзентін қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, ұлттық жазудың реформаторы ретінде жақсы біледі», - деп атап өтті ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова.

Басқарма басшысының айтуынша Ақмола облысында 22 көше, 1 мектеп Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталады. Биыл Көкшетау қаласындағы жоғарғы техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының орта мектептеріне және аудан орталықтарындағы, ауылдардағы көшелерге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция ұйымдастыру жоспарланған.

Мерейтой білім және мәдениет мекемелерінде кеңінен аталып өтіледі.

Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова облыстың мәдениет ошақтарында «Ұлттың ұлы ұстазы» аймақаралық ақындар айтысы, «Алаштың ардағы» әдеби - тарихи кеш, «Байтұрсынұлы жазуы» балаларға арналған шоу-бағдарлама, «Өмір жолы» өлеңдер байқауы, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері бойынша конференциялар, дәрістер, семинарлар, көрмелер, дебаттық турнирлер, челлендждер, флеш-мобтар және көптеген түрлі форматтағы іс шаралар өткізілетіні туралы баяндады.

Білім мекемелерінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері бойынша дәрістер, көрмелер, дебаттық турнирлер, танымдық-ақпараттық шаралар, челлендждер ұйымдастырылады.

«Облыстың 552 мектебі мен 32 колледжінде бүгіннен бастап ғалым мен қоғам қайраткерінің туған күніне арналған «Ахмет тағылымы» атты онкүндік басталды. Ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты насихаттау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында Ахмет Байтұрсыновқа арналған бұрыштар ашылып отырады», - деп атап өтті Ботагөз Дүйсенова.

Айта кетейік, өңірде мерейтойға арналған екі мыңнан астам шара өткізу жоспарлануда.


Jańalyqtar

MURAǴAT