990 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды - Еңбек министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 198,4 мың отбасындағы 990,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. Осы мақсатқа бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2022 жылғы 1 қаңтарда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 259,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК алушыларға ТЖ тәртібі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда, 2022 жылғы I тоқсанда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.


Соңғы жаңалықтар