95 жылдық мерейтой: Еліміздің тұңғыш театрына «ұлттық» мәртебе берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрына 95 жыл толуына орай өнер ордасына «ұлттық» мәртебе берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Театрдың ең алғашқы шығармашылық ұжымы Қызылорда қаласында 1925 жылы қалыптасты. Ал 1926 жылы М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды.

1928 жылы ел астанасы Алматыға ауысқанда театр ұжымы да көшті. 1937 жылы театрға академиялық деген мәртебе беріліп, 1961 жылы Мұхтар Әуэзовтың аты берілді.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

«Кез-келген театрдың мерейін үстем қылатын ардагерлері. «Ұлттық» деген мәртебе осында тер төккен бірнеше буын әртістерінің еңбегі. Қазір театрға жастар келіп жатыр. Олардың әрқайсысы ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жатыр. Театр ұжымын 95 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Осы орайда «Ұлттық» деген мәртебе өте үлкен сыйлық болды деп ойлаймын», -деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Одан бөлек министр 2021 жылы театр ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталатынын айтты.

«Театр ғимараты өте ескі. Біз қазір белгілі ресейлік сәулетшілермен келісіп қойдық», - деді министр.

«Біздің қазақ әрдайым өнерге бас иген халық. Өнер иелері осы театрдың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен театрға келгенде біз осы театрдың 30 жылдығын тойлап жатқан едік. Өткенсіз бүгін жоқ демекші біз өз талантымыз бен тәжірибемізді келер ұрпаққа қалдыратынымыз аян», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.

Айта кету керек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен министрлікке қарасты бірқатар мәдени ұйым ұлттық деген мәртебе алған болатын.

М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық оркестр, Абай атындағы Қазақ Академиялық Ұлттық Опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Орыс мемлекеттік академиялық драма театры, ҚР Ұлттық кітапханасы осы мәртебеге ие болды.

Кешке киелі сахнада «Абайдың жұмбағы» қойылатын болады.


Соңғы жаңалықтар