95 жастағы ардагер алты жылын қан майданда өткізіп, үш мәрте жараланған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде ерекше күн – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі. Бұл күні Отан үшін отқа түскен батырларды еске алып, соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтаймыз. Мейрам күні қарсаңында Екінші дүниежүзі соғысының ардагері Жақан Сейсебаев сұрапыл соғыс жылдарындағы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақан ата биыл 95 жасқа толды. Ол 1925 жылы 10 наурыз күні Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сатман ауылында туған. 1942 жылы 17 жасында Совет армиясы қатарына қосылып, 1943 жылы Беларусь жерін азат ету соғысына қатысқан.

«1942 жылы бізді армия қатарына алды. Төрт ай бойы әскери техниканы басқаруды үйретті, ол кезде әртүрлі артиллериялық құрылғылар болды. 1943 жылы 1 қаңтарда белоруссиялық фронтқа түстім. Біз реактивті артиллерияның БМ-13 «Катюша» машинасын қолдандық. 1943 жылы 12 наурызда оң жақ желкем мен басымнан жарақат алдым. Осы оқиғадан кейін мені Мәскеуге госпитальге алып барды», - дейді соғыс ардагері.


Ол қазіргі жасына қарамастан соғыс кезіндегі оқиғаларды егжей-тегжейлі біледі және кеше болғандай есіне алды.

«Бір күні командир «Дайындалыңдар! Біз арқылы жаудың 60 танкісі өтеді. Төрт қару мен жарықшақты граната дайындаңдар. Оларды маңымызға жуытпауымыз керек» деді. Арақашықтығымыз 5 шақырым болған кезде командир оларға «Катюшамен» соққы жасау керек екенін айтты. Танктер өртеніп жатты. Бір танк қана кері шегінді, бірақ оны біздің солдат күтіп тұрып, граната лақтырды. Осылайша жау танкілерінің бәрін жойдық. 60 танкіні түскі сағат 12:00-де жойып бітірдік», - дейді ақсақал.


Ол соғыс аяқталғаннан кейін жапон соғысына қатысқан. 1947 жылы оны Владивостокқа жібереді. Майдангер үш рет жараланып, ІІ топ мүгедегі болып қалған. Ақсақал Жеңісті қалай қарсы алғанын айтып берді.

«Жеңісті Кенигсбергте (Шығыс Пруссия) қарсы алдым. Таңғы сағат сегізде бізді сапқа тұрғызып, соғыс аяқталғанын айтты. Сөйтіп 1948 жылы бізді үйге жіберді. Соғысқа 17 жасымда кеткен мен 23 жасымда үйге оралдым. Соғыс аяқталғанын естіген кезде біз қуанып, бір-бірімізді құшақтап, жыладық. Бірнеше жыл қатарынан соғыс қасіретін көрдім: суық та, ыстық та, қар да, мұз да, боран да болды. Су болмаған кезде лай суды ішуге тура келген кездер болды», - дейді Жақан ата.


Ол сұхбат соңында қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

«Енді қайтып соғыс болмауын тілеймін. Аспанымыз ашық болсын, бірлік, бейбітшілік тілеймін. Немере, шөберелеріміз бақытты ғұмыр кешсін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар