92 жастағы кейуана: Қиыншылық адамды жеңе алмайды, адам қиыншылықты жеңеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өмірлік жары мезгілсіз өмірден озғаннан кейін Ажар Ағытайқызы 75 жасына дейін мал баққан. Биыл 92 жасқа толатын әженің 16 немере, 11 шөбересі бар. Ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс, 90-жылдардағы тоқырау мен қазіргі бейбіт өмірге куә болған кейуана 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, қыз-келіншектерге ақыл-кеңесін айтты.

АЙҒЫРДЫ ЖУАСЫТУ

- Ажар әже, алдымен туған жылыңыз бен туған жеріңіз туралы тоқталып өтсеңіз.

- Мен 1929 жылы Қостанай облысы, Қарамеңді ауылында дүниеге келгенмін. Әкем 1942 жылы соғысқа кетіп, қайтып оралмады. Әкемнің өзі болмағанмен, еңбек кітапшасы бар. Өзім 7 құрсақ көтердім. 7 баламның біреуі күйеуімнің көзі тірі кезінде, екіншісі одан кейін өмірден озды. 6 баламен жесір қалған адаммын. Қазіргі уақытта 16 немере, 11 шөберенің әжесімін. Шөберемнің алды 20 жасқа жетіп қалды, енді шөпшек сүйгім келеді. Жолдасым 1975 жылы қайтыс болып, бала-шағамды асырау үшін Қайранкөл ауылына барып, мал бақтым. Зейнеткерлік жасынан кейін де мал бағуды жалғастырып, 2004 жылы тұңғышым өмірден озған соң доғардым.

- Мал бағу барысында бастан кешкен қызықты жағдайларды еске түсірсеңіз?

- 40 жасымнан асқан кезім еді. Ауылда Капкан деген асау бар екендігі туралы көп еститінмін. Соны табын ішінен бөліп алып, жем беріп, қора жаққа алып келдім. Оны сипалап, өзіме үйрете бастадым. Совхоздың жылқысы болғандықтан, оны кім көрінген ерттеп мінуге қақысы жоқ еді. Сол себепті ешкімге тіс жармай, айғырдың үстіне мініп, тізгінді ұстап алдым. Ол ары-бер шауып, тулап-тулап басылды. Екі күн бойы сол жылқыға мініп, қырдағы сиырларды бағып жүрдім. Кешке қарай ауыл шетіне келген кезде әлдебір биенің дауысы шығып, айғыр тулап, алдымыздан шыққан ордан секіріп өткен кезде мен жерге құладым. Айғыр болса, ұстатпай кетіп қалды. Оны іздеп жүрген неміс малшы әкесіне «Жылқы қайтып келді. Оны жуасытқан кім болды екен?» деп сұраған екен. Сонда әкесі «Оның үстіндегі ер-тоқым әйелге ыңғайланып жасалған. Үзеңгісі қысқа етіп тартылған. Әйелдерден мал бағатын бір адам болса – ол Ажар ғой. Оны сол Ажар жуасытқан болуы мүмкін» деген екен. Кейін оларға ертоқымымды алуға барып, болған жайт туралы айтып бердім.

ТӨМПЕШІК БОЛЫП ЖАТҚАН МӘЙІТТЕРДІҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІН ТІЛЕЙТІН ЕДІК

- Өмірлік серігіңізді қалай жолықтырдыңыз?

- Жесір қалған анама көмектесіп, қолғабыс боламын деп тұрмысқа 22 жасымда кеш шықтым. Біз күйеуге тиген жоқпыз, бізді күйеуге берді. Анам, «осындай адамдар саған құда түсіп кетті, соның ұлына тұрмысқа шығасың» деп, үйлеріне апарып тастады. 22 жыл отастық. Қазір ажыраса салу оңай болып кетіпті. Көбі «Бір-бірімізді дұрыс танымай қосылыппыз» деген сылтау айтады. Мен өмірлік жарымды бірінші рет сол үйге келін болып түскен күні көргенмін. Мәселе, дұрыс танымағанда емес, мәселе адамнан ұят кетуінде. Бәрін «Ажырасып жатқан жалғыз мен емес, ештеңе етпейді» деген ой құртады. Күйеуің – сенің Құдайың. Бір еркектің бабын таба алмаған әйелдің несі әйел?

- Екі ғасырдың куәсі болған адамсыз. Ашаршылықты да, соғысты да, бейбіт өмірді де көрдіңіз. Осы кезеңдердің қайсысы есіңізде ерекше сақталып қалды?

- Жоқтық атаулының бәрін көрген адаммын. 1937 жылдардағы ашаршылық көз алдымнан кетпейді. Біздің де әкеміз өмірден ерте озып, оның Рахымжан, Жұмасейіт деген екі ағасының қолында өстік. Бір-екі бөлмелі үйде бірнеше отбасы тұрдық. Үйдің бір-бір бұрышында ұйықтайтын едік. 1945 жылы ауылға немістер, 1947 жылы шешендер қоныс аударып келе бастады. Шешендер намазын қаза қылмайтын адамдар ретінде есімде қалыпты. Олар ашаршылықтан көз жұма бастады. Сол жылдары қыс қатты болғандықтан, оларды жерлеу мүмкін емес еді. Қайтыс болған адамдарды ауылдың маңындағы қырдың қасына жинай берді. Сол маңда ойнап жүретін балалар төмпешік болып жатқан мәйіттер көктемде қайтып тіріліп кетуін тілейтін едік. Көктемде қар еріп, жер жібігеннен кейін оларды арулап қайта жерлейтін. Сол жылдармен салыстырған кезде қазіргі өміріміз жұмақтай десем – артық айтқандық емес.

АҒАЙЫН-ТУЫСТЫҢ БАСЫН БІРІКТІРЕТІН – ӘЙЕЛ

- Жесір қалған кезде неге басқа емес, мал бағуды жөн деп таптыңыз?

- Қиыншылық адамды жеңе алмайды, адам қиыншылықты жеңеді. Егер ерік-жігерің мықты және шыдамды болсаң – кез келген қиыншылықты жеңіп кете аласың. Мысалы, мен жесір қалып, мал бағуға шешім қабылдаған кезде ауылдағы келіншектер де «Ауыл ішінде істеуге болатын жұмыстар көп қой. Неге мал бағуға шешім қабылдадың?» деп сұрайтын. Ал менде басқа амал болды ма? Менің балаларым өзімнен басқа кімге керек? 6 баламды бағып-қағу үшін ақша керек, ал ақша оңай жолмен табыла ма? Көп ақша табу үшін көбірек сиыр бағуды көздедім. Бастапқы кезде менің табынымда 360 сиыр болды. Ол сиырлардың бәрі ауру-сырқау, ақсақ, қотыр болған еді. Қасыма екі келіншекті көмекші етіп берді. Мен арнайы келісімшартқа отырып, 1 ай ішінде малдарды толық емдеп, семіртіп, сыйақы алдым. Қазіргі уақытта теледидардан көп бала тапқанын міндетсініп, үкіметтен көмек сұрап жүрген әйелдерді көрген кезде таң қаламын. Айналайын-ау, 12 мүшең сау болса балаларыңды асырап-бағу үшін бар жаныңды салып жұмыс істеуің керек қой. Біздің заманымызда бала тапқанымыз үшін үкімет көмектесуі керек деген ой миымызға келмейтін. Кенже ұлымның 5 баласы бар. Қазір ол ауылда мал бағып, бала-шағасын асырауда. Бақ-береке деген ауылда емес пе? Жалқаулықты қойып, еңбек ету керек.

- Шаңырақтың шайқалмауына кім көп ықпал етеді деп ойлайсыз?

- Отбасының беріктігі әйелге де, еркекке де байланысты. Қажет болса өзің де жұмысқа шығып, жолдасыңа көмектесіп жібер. Әйелдің тілі қысқа болса – үйге бақ-береке орнайды. Шыдай алмай бара жатсаң, ренішіңді айтудың да өз реті болады. Жолдасың – балаларыңның әкесі, өмірлік серігің ғой. Оған жақсы көңіл-күй сыйлау үшін ұйқыңды қиып, ертерек тұр. Оның көңілі жайлы болса, көп жетістікке жететін болады. Отағасы қанша қаласа да әйелі араласқысы келетін туыспен араласып, араласқысы келмейтін туыспен араласпайды. Ағайын-туыстың басын біріктіретін – әйел. Осының бәрін келінге үйрететін – ене. Үнемі қабағыңды түйіп отырсаң, келінге обал емес пе? Ол да біреудің аялап өсірген қызы ғой. Ол да бірінші рет тұрмысқа шығып тұрса, басқа шаңырақтың ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек емес пе?

ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН БАССЕЙНДЕ ЖҮЗЕМІН

- 92 жаста болғанмен, өз жасыңыздан әлдеқайда жас көрінесіз. Арнайы күтінесіз бе?

- Жоқ. Алла тағала қалай жаратты, сол қалпыммен келе жатырмын. Көзімді, қасымды, бетімді бояп көрген емеспін. Қазір ақ жаулықты апалар қастарына татуаж дей ме, әйтеуір бояп алады, тіпті ота жасатып, әжімдерін алып тастайды. Мұның бәрі Құдайдың қаһарына ұшырататын әрекет деп ойлаймын. Бетіңдегі әр әжім өмірде жүріп өткен жолыңнан, тәжірибеңнен хабар береді. Адам жасы ұлғайған сайын о дүниені, Алланың алдына қалай баратыны туралы көбірек ойлауы керек сияқты. О дүниеде «Мені осылай жаратқаның ұнамай қалды, сол үшін бет-әлпетімді өзгертіп тастадым» дейсің бе?

- Бұл оңалту орталығына жиі келесіз бе? Денсаулық жағдайыңыз қалай?

- «Ақ ниет» оңалту орталығына келген кезде басымның сақинасы ұстап жүрген. Бұл жердегі қызметкерлердің кәсіби деңгейі өте жоғары. Мені туған аналарындай аялап, көңіл бөліп жатыр. Дәрі-дәрмектен бөлек, жылы қабат, жақсы сөздері мен үшін ем болып жатыр. Ал жалпы алғанда денсаулық жағдайым жаман емес. Бала кезден суда жүзіп өскендіктен, әлі күнге дейін суда жүзе аламын. Осы жерде күнде бассейнде жүземін, спорттық құрылғылармен жаттығу жасаймын. Осының бәрі жас кезімде мал бағып, таза ауада, табиғат аясында көп жүргенімнің арқасы болуы керек.

- Әкеңіз туралы айтқанда көңіліңіз ерекше толқып кетеді. Оның себебі әкеңіздің соғыстан қайтып оралмауы ма?

- Осы жерге келердің алдында басымның сақинасы ұстап, денсаулық жағдайым біраз нашарлап кетті. Сол күндердің бірінде түсіме өмірден озған туысым кірді. Мен оған, «сен өмірден озып кетіп едің ғой, қасымда не істеп отырсың?!» деп қайтарып жібердім. Одан кейін үйге ақ сақалды қария келіп, маған бата берді. Сол қария менің әкем болар деп ойлаймын. Әкем соғысқа кеткелі түсіме бірінші рет кірді. Өз қолыммен арулап жерлемеген соң оны өлдіге қимаймын. Мүмкін соғыс біткен соң сол жақта қалып қойып, отбасы құрған болар. Бәрін бір Алла білуші. Оның тағдыры не болғанын білгім келеді. Әкемді тағы бір көремін деген үмітім өшпейді, осы үмітім өзіммен бірге кететін шығар, сірә...

ЖАСТАРҒА 10 КЕҢЕС

- Жас отбасыларға қандай кеңес айтасыз?

- Ақылыма құлақ түрер адам болса, айтайын:

1. Ешқашан, еш уақытта біреудің қолындағы алтынына, үстіндегі киіміне, басындағы баспанасына, жиған дүние-мүлкіне қызықпа! Ол – сенің несібең емес. Дәл қазір сенің қолыңда не бар – сенің несібең сол. Өз несібеңе қанағаттанбау рухани азуға, шаңырақтың шайқалуына себеп болады.

2. Ешқашан жарыңа «Оларда бар, бізде жоқ?!», «Елдің күйеуі (әйелі) сондай, сен неге сондай емессің?» деп салыстырма! Айналдырған бір күйеуіңнің (әйеліңнің) бабын таба алмасаң, сорлы адамсың.

3. Ешқашан тапқан балаларыңды міндетсініп «мемлекет бізге неге көмектеспейді?!» деме! Баланы біреу үшін табасың ба? Бала тапқан кезде жауапкершілік ең алдымен ата-ананың өзінде екенін түсін. Мен 6 баламен жесір қалған кезде ауылға барып, сиыр бақтым. 40 жыл бойы сиыр бағып, ұл-қыздарымды оқытып-тоқыттым. Қазір ауылға барып, еңбек етуге кім кедергі? Жалқаулығың ғана кедергі!

4. Денсаулығыңның қадірін біл! Денің сау болса – сен ең бай адамсың. Балаларым маған «өмір бойы не қызық көрдің? Мал бақтың. Алдыңызда қарыздармыз» десе, мен оларға «сендерді бағып-қағу – менің аналық парызым. Сендер менің алдымда берешек емессіңдер. Мен өзімді бақытты, өмірдің бар қызығын көрген адам санаймын, себебі жаздың ыстығы, қыстың суығына төзетін денсаулығым болды, Құдай балаларымды асырай алатын күш-қуат берді» деп айтамын.

5. Басынан сөз асырғысы келмейтін адам болма! «Кезінде жақсылығым өтіп кетіп еді» деп жасаған сауабыңды төгіп алма. Біреу дауыс көтерсе, «Мен дауысымды одан да қатты көтере алам» деме. Қазіргі уақытта сондай менменшіл адамдар көбейіп барады. Құдайдың қаһарына ұшырасаң, қолыңда барды жоқ етіп, бір-ақ сәтте тәубеңе келтіре алатынын ұмытпа!

6. Жақсылық жасасаң – ақ, адал жүрегіңмен жаса. Көңілің, ниетің таза болса – қонағыңа қара шай берсең де риза болады. Көңілің, ниетің таза болмаса, дастарханыңда дәмдінің бәрі тұрса да қадірі болмайды.

7. Кешірімді бол! Әлдебір адам ренжіткен болса арада уақыт өткен соң соны есіне салып айтатын адам болма. Алла аса мейірімді, кінәңді, күнәңді кешіруші. Оның жанында сен «кешірем», «кешірмеймін» деп шешім қабылдайтын кімсің? Әлде өзің кінәсіз, күнәсіз адамсың ба?

8. Қайырымды бол! Менің үш абысыным болды. Соның бірі бала көтере алмады. Қалған үш абысын ақылдасып, әрқайсысымыз өмірге келген сәбиімізді беріп отырдық. Құрсағыңнан шыққан перзентті қию оңай емес, бірақ қайырымдылық жасау керек болды. Ол үш абысынының балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Ал қазіргілер әлдекімге күндердің бір күнінде берген затын даулап, міндетсініп жүреді. Бұл – жақсы қасиет емес.

9. Әр әйел – әдемі. Алланың берген бет-келбетіне риза болып, оны ота арқылы өзгертіп тастауға тырыспа.

10. Жастық шағыңда ерінбей-жалықпай еңбек ет, қартайған кезде жемісін көресің.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар