+7 (701) 759 90 19
USD 377.75 EUR 421.27
RUB 6.13 CNY 54.91
Jańalyqtar

9 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 9 желтоқсан 07:00
Бөлісіңіз:
9 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 9 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық жемқорлықпен күрес күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен атап өтіледі. 2003 жылы дәл осы күні Мексиканың Мерида қаласында өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда 2003 жылы 1 қарашада Бас Ассамблея қабылдаған БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы Конвенциясы қол қою үшін ашылды. Құжат бойынша оған қол қойған мемлекеттер пара, бюджеттік қаражат пен жемқорлық табыстарды кәдеге жарату қылмыс деп жариялауға міндеттеледі. Конвенция барлық құрылымдары ұлттық әл-ауқатқа зиян келтіретін жемқорлық жайлаған елдер үшін өте маңызды.

Халықаралық геноцид құрбандарын еске алу, олардың ар-намысына құрмет көрсету және осы қылмыстың алдын алу күні

2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Арменияның бастамасы бойынша 9 желтоқсанды Халықаралық геноцид құрбандарын еске алу, олардың ар-намысына құрмет көрсету және осы қылмыстың алдын алу күні деп белгіледі. 1948 жылы 9 желтоқсанда Бас Ассамблеяның Геноцид қылмысының алдын алу және оны жазалау туралы конвенциясы қабылданғандықтан осы күн таңдалып алынды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің қаулысымен Қазақстанның А.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы болып өзгерді.

1996 жылы Елбасы Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болған боздақ Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

1997 жылы Тегеранда ислам әлемінің экологиялық апаттардан зардап шеккен аймақтарына: Арал теңізінің бассейні мен Семей ядролық полигон аймағына көмек көрсету туралы Қарар қабылданды.

2008 жылы Қарағандыда ұлы Абайға арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы - мүсінші Асқар Нартов. Биіктігі бес метрлік мүсін Қарағанды облысының көркемдік-өндірістік комбинатында құйылған.

2009 жылы Алматыда белгілі кинооператор, халық әртісі, кинематографистер одағының мүшесі Ескендір Тынышбаевтың 100 жылдығына арналған пошталық маркасы шығарылды.

Ескендір Тынышбаев (1909-1995) – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинооператор. Ол түсірген астам деректі және ғылыми-көпшілік фильмдер Қазақстанның кино өндірісінің алтын қорына еніп, операторлық өнер бойынша оқу құралына айналды.

2010 жылы Кеден одағы Жоғары органының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасы Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті - Дмитрий Медведев «Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы» декларацияға қол қойды.

2011 жылы Польша Республикасында «Польша поштасы» ұлттық компаниясы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай арнаулы пошта маркаларын шығарды.

Еліміз аумағының контуры түсіріліп, қазақтың ұлттық оюымен безендірілген марканың бетіне «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» деп жазылды. Мерейтойлық марка 500 мың данамен шығарылды, номиналы 2,40 злотых болды.

2013 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев отбасы мен некенің адамгершілік құндылықтарын, оң әсерін насихаттау, отбасының қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу туралы өкімге қол қойды.

2016 жылы Өскемен қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқытушысы Марат Нұризинов Италияда әлемнің түрлі елдерінен жиналған белгілі ғалымдардан құралған комиссияның алдында докторлық диссертациясын қорғады. Оның ғылыми еңбегін Рим қаласындағы Италия Ұлттық кітапханасынан оқуға болады.

2016 жылы Қазақстандағы үш ұлттық театрға - корей, неміс және ұйғыр театрларына еліміздің академиялық театрлары мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды.

2016 жылы Ақтауда Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелеріне арналған алғашқы әскери пирс ашылды.

2018 жылы «Мәдениетті дамытуға қосқан сүбелі үлесі және өз ісіне адалдығы үшін» Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Ресейдің «Ұлттық айбын» сыйлығымен марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсімі Мәскеудің Кремль Мемлекеттік сарайында өткен.

«Ұлттық айбын» («Национальное величие») сыйлығы тәуелсіз қоғамдық сыйлық болып табылады. Ол ресейлік және шетелдік қайраткерлерді ынталандыру мақсатында беріледі. Сонымен қатар бұл марапат мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, мәденеиет және өнер өкілдеріне тағайындалады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT