9 мыңға жуық оқушыға орын жетіспейді: Абай облысында мектеп тапшылығынан балалар қысылып оқуға мәжбүр

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелер аз емес. Соның ішінде жұрттың көбі мектеп тапшылығы жайлы жиі сөз қозғап жүр. Тіпті Семей қаласының өзінде оқушылар қысылып оқуда. Жаңадан құрылған облыстың орталығы болғандықтан мектептердегі бала саны одан сайын көбейе беретіні айтпаса да түсінікті. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрген болатын.

«Аядай бөлмелерде екі ғана терезе бар»

Қыркүйек айында өңірге келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше екенін атап өткен.

Фото: akorda.kz

«Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған», - деді Мемлекет басшысы.

Бірақ дәл қазір Абай облысында мектеп тапшылығы мәселесі өте өзекті болып тұр. Аймақ бойынша 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Президент өз сөзінде осы жайлы да баса айтты.

«Үкімет пен әкімдікке Абай облысы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгеріс бар. Осындай игі шаралар арқылы қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Семей қаласында да оқушылар жаңа мектептерге зәру. Тіпті шаһардағы алдыңғы қатардағы білім ордаларының бірі саналатын №6 мектеп гимназияда балалар қысылып оқуда. Нақты айтқанда, 912 орынға шақталған мектепте 1843 оқушы білім алып жатыр.

«Негізінен бұл ғимарат балет мектебі ретінде 1984 жылы бой көтерген. 1988 жылы біздің мектеп осында көшіп келді. Себебі оған дейінгі нысан апаттық жағдайда деп танылды. 2010 жылы білім ордасына ғимназия статусы берілген. Қайым Мұхамедханов көшесінде орналасқан мектебімізге оқушылар қаланың түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Сол үшін балалар сыймай жатыр. Кабинеттердің іші тым тар. Ғимарат алғаш мектеп ретінде салынбағандықтан аядай бөлмелерде екі ғана терезе бар», - деді білім ордасының директоры Майра Ахметова.

Төрт қабатты мектептің жалпы ауданы - 1612 шаршы метр. Пәндік кабинеттер саны - 69. Мұнда барлығы 150 адам қызмет етсе, оның ішінде 126-ы - мұғалім.

«Биыл бірінші сыныпқа 150 оқушының орнына 283 бала қабылданған. Гимназия болған соң осында білім алуға құлшыныс танытатындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бізде білім сапасы өте жоғары. Жаңа облыс құрылғаннан кейін қалаға жан-жақтан түрлі мамандар көшіп келуде. Олар да балаларын мектебімізге беруге ниет білдіруде. Сондықтан бізге жаңа мектеп салынса деген тілегіміз бар», - деді Майра Ахметова.

Қанша мектеп салынады?

Көпті толғандырған күрделі мәселенің күрмеуі қалай шешілетіндігін білу үшін ҚазАқпарат тілшісі облыс және қала әкімдіктеріне хабарласып көрді.

«2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады. Ол 5 мыңнан аса оқушыны қамтиды. Қосымша 4 мың орынға оқу ғимаратын саламыз. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр», - деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал Семей қаласы Білім бөлімінің дерегінше, бүгінде шаһар бойынша барлығы 68 мектеп бар. Оның ішіндегі 23 мектепте 5956 оқушыға орын жетіспеушілігі сезілуде. Алдағы 3 жылда 3600 орындық 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа үйлер бой көтеріп жатқан «Қарағайлы» шағын ауданында екі мектеп салынбақ. 1200 орындық бір мектеп 2024 жылы, 900 орындық білім ордасы 2025 жылы бой көтереді.


Соңғы жаңалықтар