9 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 9 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

88 жыл бұрын (1933) жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) ӘШІМОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген.

Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

79 жыл бұрын (1942-2013) жазушы, прозашы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Дүкенбай ДОСЖАН дүниеге келген.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы ауылында туған. 1964 жылы ҚазМУ-ды (ҚазҰУ) бітірген.

1963 - 1966 жылдары «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер,1966 - 1975 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1976 - 1984 жылдары Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі болған. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1964 жылы жарық көрді. Дүкенбай Досжан проза саласында өнімді еңбек етіп, 8 роман, 18 повесть, 100-ден астам әңгіме жазды. Досжанның көркем шығармалары мен зерттеу еңбектерінің тақырып аясы кең. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) хикаяттары мен романдарына тарихи оқиғалар арқау болса, Зауал» (1970), «Кісі ақысы» (1978], «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984) атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналған. Ұлы адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен «Мұхтар жолы» (1998), «Абай айнасы» (1994),«Алыптың азабы» (1997) романдары өз алдына бөлек топтама құрайды. Оның «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі бар.

Оның шығармалары әлемнің 19 тілінде жеке кітап болып шыққан. Екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді (1990). «Құм кітабы» үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1996). ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987). «Құрмет» (2001), «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған. Қаламгер 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы үздік роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы үздік кітап» сыйлығын алған. Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-ші томына, «Ұлттық энциклопедияның» 3-ші томына,«Абай энциклопедиясына», Қазақстан Президенті жанындағы даму институтының «Элита Казахстана» (2008) анықтамалығына кірген.

71 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Гүлжан Жанпейісқызы ҚАРАҚҰСОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1972-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық реформалар жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Экономикалық консультанттар кеңесінің басшысы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 1996-1997 жылдары - «Қаржы нарығы институты» қоғамдық қорының президенті. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан Мәжілісте. Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы (2012-2016); Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы (2016 жылдан бастап).

Қазіргі қызметін 2019 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

«Парасат», «Содружество», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

51 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Болатұлы ЕШМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Саран қаласында туған. 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетін бітірген, тау-кен инженері – технолог.

Қызмет жолын 1992 жылы Қарағанды қаласында «Арқа» құрылыс фирмасында жабдықтау бөлімінің бас маманы лауазымынан бастаған. 1993 жылдың қыркүйек айынан 2006 жылдың тамыз айына дейін – ҚР ҰҚК жедел қызметкерден бөлім бастығына дейінгі лауазымдарды атқарды. 2006 жылдың тамыз айынан 2007 жылдың ақпан айына дейін – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы. 2007 жылдың ақпан айынан 2008 жылдың қаңтар айына дейін – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының бас инспекторы. 2008 жылдың қаңтар айынан 2010 жылдың қыркүйек айына дейін – Қарағанды облысының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы. 2010 жылдың қыркүйек айынан 2012 жылдың сәуір айына дейін – Солтүстік – Қазақстан облысының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы қызметін атқарды. 2012-2014 жж. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы. 2014-2016 жж. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаментінің директоры. 2016-2019 жж. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары. 2013-2020 жж. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі аппаратының басшысы.

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың ақпан айынан бастап.

«Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Ерен еңбегі үшін» (2012), «Қазақстант Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарімен марапатталған.

35 жыл бұрын (1986) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Қуанышбекұлы СӘМБЕТОВ дүниеге келді.

2005 жылы Экономика және құқық колледжін «құқықтану» мамандығы бойынша, 2008 жылы ҚазГЗУ Алматы заң академиясын «заңтану» мамандығы бойынша, 2012 жылы Қазақ инженерлік, қаржы-банк академиясын «экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті заңнаманың сақталуын бақылау және талап қою жұмысы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бақылау және талап қою жұмысы департаментінің бас сарапшысы.

2014-2015 жылдары-Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде заң департаментінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы.

2015 жылғы шілде - 2015 жылғы желтоқсан аралығында - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары.

2015 жылғы желтоқсаннан бастап 2020 жылғы қазанға дейін - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2020 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар