+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 385.16 EUR 425.95
RUB 6.01 CNY 54.51
Jańalyqtar

9 қыркүйек. Туған күн иелері

2019 жылғы 9 қыркүйек 08:08
Бөлісіңіз:
9 қыркүйек. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 9 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР


86 жыл бұрын (1933) жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) ӘШІМОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген. Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған.

Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.


77 жыл бұрын (1942-2013) жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай ДОСЖАН дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы ауылында туған. 1964 жылыҚазМУ-ды (ҚазҰУ) бітірген. 1963 - 1966 жылдары «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер,1966 - 1975 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1976 - 1984 жылдары Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі болған. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1964 жылы жарық көрді. Дүкенбай Досжан проза саласында өнімді еңбек етіп, 8 роман, 18 повесть, 100-ден астам әңгіме жазды. Досжанның көркем шығармалары мен зерттеу еңбектерінің тақырып аясы кең. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) хикаяттары мен романдарына тарихи оқиғалар арқау болса, Зауал» (1970), «Кісі ақысы» (1978], «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984) атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналған. Ұлы адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен «Мұхтар жолы» (1998), «Абай айнасы» (1994),«Алыптың азабы» (1997) романдары өз алдына бөлек топтама құрайды. Оның «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі бар.

Досжанның шығармалары әлемнің 19 тілінде жеке кітап болып шыққан. Екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді (1990). «Құм кітабы» үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1996). Түркістан қаласының, Жаңақорған, Созақ, Отырар аудандарының құрметті азаматы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987). «Құрмет» (2001), «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған. Қаламгер 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы үздік роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы үздік кітап» сыйлығын алған. Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-ші томына, «Ұлттық энциклопедияның» 3-ші томына,«Абай энциклопедиясына», Қазақстан Президенті жанындағы даму институтының «Элита Казахстана» (2008) анықтамалығына кірген.


69 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Гүлжан Жанпейісқызы ҚАРАҚҰСОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1972-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық реформалар жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Экономикалық консультанттар кеңесінің басшысы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 1996-1997 жылдары - «Қаржы нарығы институты» қоғамдық қорының президенті. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан Мәжілісте.

«Общественные фонды потребления» (бірлесіп шығарған), «Новые формы соревнования в системе хозяйственного механизма» (бірлесіп шығарған), «Живое творчество масс», «Соревнование и перестройка», «Налоги: сущность и практика использования», «Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане» (бірлесіп шығарған), «Что нужно знать о ценных бумагах», «Теневая экономика: тенденции развития» атты кітаптардың авторы.

«Парасат», «Содружество», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT