+7 (701) 759 90 19
USD 435.76 EUR 493.41
RUB 5.89 CNY 68.37
Jańalyqtar

9 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 9 қазан 07:00
Бөлісіңіз:
9 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 9 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік пошта күні

1957 жылы болған бүкілдүниежүзілік пошта одағының 14-ші конгресінің шешімі бойынша, 1874 жылы пошта одағының құрылған күніне орай аталып өтеді.

Астрономия күні

Бұл мереке астрономия саласында қызмет ететін мамандар мен аспан денелерін бақылауды ұнататын энтузиастарға арналған.

Басында Астрономия күні жылына бір рет сәуірдің ортасы мен майдың ортасына дейін созылатын Айдың бірінші тоқсанына жақын сенбі күні атап өтілген. 2007 жылы екінші, күзгі Астрономия күні бекітілді. Ол қыркүйектің ортасы мен қазан айының ортасына дейінгі уақытқа келеді. Нақты күні солай қалды – Айдың бірінші тоқсанына жақын сенбі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы Асықата ауданы (қазір Мақтаарал ауданына қарасты кент), Алғабас ауданы Бәйдібек ауданы болып өзгерді.

2006 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы – Жалағаш кентіндегі алаңға Кенесарының азаттық күресіндегі басты батырлардың бірі – Бұқарбайға ескерткіш орнатылды.

Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетовтің айтуынша, ескерткіштегі оның аяғының жанында жатқан жолбарыс батырдың жас кезіндегі қаймықпайтын жүректілігі туралы аңызға орай алынған.

Ел аңызына қарағанда, жолбарыс ұлтжанды батырдың түсінен шықпайтын аруақты серігі болғанға ұқсайды.

2008 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съезд барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.

2010 жылы қазақстандық музыкант Марат Бисенғалиев өзі құрған Батыс Қазақстан филармониялық (WKPO) және Үндістан симфониялық (SOI) оркестрлерінің жетістіктері үшін Азия және Тынық мұхит аймағының симфониялық оркестрлер (AAPRO) Альянсының басшылық құрамына сайланды.

2012 жылы Астанада Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының таныстырылымы өтті. Орталықтың басты мақсаты – еліміздегі ұлттық және жоғары оқу орындарының деңгейінде келісілген Болон процесінің қағидаттарын толық жүзеге асыруға жәрдемдесу.

2013 жылы Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының көшірмесі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылды. Бүгінде «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі түпнұсқасы тәжік елінде сақталған. Ал оның көшірмесін Қазақстанға белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев алып келді.

2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы бірлескен құжатқа қол қойылды.

2015 жылы Шымкентте қазақтың батырлары Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған ескерткіш ашылды. Тас мүсін Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс жағындағы гүлзарбақта орналасты.

Тарихи мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары және Ақтөбеден арнайы келген батырдың ұрпақтары қатысты. Тарихи кешеннің авторы – мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіштің биіктігі – 10 метр.

Тілеу Айтұлы – Алты алашқа әйгілі, би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы шапқан, Сайрам соғысында 17 мың қол жинап, қасына ұлы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай батырларды ертіп, сол далада ерлікпен қаза тапқан.

2017 жылы Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға енді. Пошта маркасының номиналы – 100 теңге, тиражы – 10 мың дана.

2019 жылы танымал жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстандағы ЮНЕСКО Клубтарының елшісі мәртебесін алды. Төсбелгі мен мәртебесін растайтын атаулы сертификат Қазақстандағы ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының республикалық есеп беру-сайлау конференциясы кезінде табыс етілді.

Қазақстанның ЮНЕСКО Клубтарының уәкіліне әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды жүргізетін, белсенді азаматтық ұстанымы мен пікірі қоғам үшін маңызды болып табылатын көрнекті қоғам қайраткерлері айналуда.

Елші ЮНЕСКО құндылықтарын насихаттайды, Қазақстанның ЮНЕСКО Клубтарының мақсаттары мен міндеттері туралы қоғамның хабардарлығын арттырады, клубтық қозғалысты жұртшылық арасында танымал етуге ықпал етеді.

2019 жылы Ұлы ақын және ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарқаралы ауданының тұрғыны жерлестеріне сыйлық жасады. Манарбек Кәрім өзінің ұлымен бірге Абайдың портретін тасқа ойып, Қарқаралыдағы тарихи ғимараттың жанына орнатты.

Бұл орын арнайы таңдалған. Бір кездері дәл осы үйге Абайдың әкесі Құнанбай да келген. Абайдың өзі балалық шағында мұнда бірнеше рет болған. Ескерткіш тас орнатылған үй Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында егжей-тегжейлі сипатталған.

2020 жылы Теміртау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына келушілердің назарына өткен ғасырдың басында жазылған ескі Құран ұсынылды.

Қасиетті кітапты мұражайға мешіттің наиб имамы Абдуәли Асанов сыйлады. Оның отбасында кітап атадан балаға мұра ретінде беріліп отырған.

Ол әлемнің 100 тіліне аударылған. Ішінде сүрелерге (бөлім) жинақталған 6 200 аят бар. Бұл кітапта өз ішінде меккелік және мединалық болып бөлінетін 114 сүре бар.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT